Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО әкімдігінде ведомствоаралық комисссияның отырысы өттi

Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен ведомствоаралық комисссияның кезекті отырысы өттi. Жиын барысында кәмелет жасына толмағандардың арасындағы құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын-алу жолдары қарастырылды.

Өңір жетекшісі мейлінше көп баланы бұқаралық спортқа тартудың маңыздылығын атап өтті. Осылайша, өскелең ұрпақты өрескел қателіктерден аулақ ұстауға болады деді.

Сондай-ақ, отырыста сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тақырыбы да қаузалды.
Бүгінде жергілікті атқарушы органдарда және квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстары жүйелі атқарылады. Яғни, мекеме басшылары өздері тексеріс өткізіп, қарамағындағы қызметкерлер тарапынан кеткен олқылықтарды анықтап, түзетеді.

Жиын қорытындысы бойынша Құмар Ақсақалов облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқық бөліміндегілерге бірқатар міндет жүктеді. Аталған бөлім мамандары ведомствоаралық комиссия тарапынан айтылған ұсыныс-тілектер негізінде жемқорлық және құқықбұзушылықтарды алдын-алу бағытындағы жұмыс жоспарын әзірлемек.

Берік Қасен