Аптадағы маңызды жаңалықтар

Ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті

Петропавлда ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Бұл жолғы жиында зейнетақы жүйесіндегі соңғы өзгерістер мен диспансерлік есепте тұрған жерлестерімізге берілетін тегін препараттарды уақытылы босату жайы қаралды. Жиын қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар беріліп, олқылықтарды түзету тапсырылды.

Алдымен ведомствоаралық жұмыс тобының мүшелері зейнетақы заңнамасында орын алған соңғы өзгерістерді тыңдады. Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің жергілікті департаменті мамандарының мәліметіше, бүгінде облыста 102 мың зейнеткер бар. Олар өзгерістерге сай зейнетақыны құрмет демалысына шыққанға дейінгі жұмыс өтіліне сай алып келеді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдан мүгедектерді бағып-қағатындарға да арнайы жәрдемақы тағайындалды.

Гүлбақыт Манабаева – Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

– Үстіміздегі жылдың 1-ші шілдесінен 1 топтағы мүгедектерге күтім жасайтын ата-аналары мен заңды қамқоршыларына жәрдемақы берілетін болды. Өңірде төлемақының жаңа түрін алушылардан өтініштерді қабылдадық. Тиісті құжаттарды тапсырғандар көмекақыны тамыз айынан алып келеді.

Кейін күн тәртібіндегі 2-ші сауал қаралды. Жұмыс тобының мүшелері тұрғындарға тегін берілетін медициналық препараттар жайын қозғады. Үстіміздегі жылы солтүстікқазақстандық науқастарды мемлекет есебінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ел қазынасынан 5,4 млрд. теңге бөлінген. Осы күнге дейін диспансерлік есепте тұрғандарға 3 млрд. теңгенің препараттары сатып алыныпты. Тағы бір жаңашылдық, биылдан мемлекет есебінен берілетін дәрмектер емдеу мекемелеріндегі дәріханаларда ғана босатылады.

Дәуренбек Бейсембаев – СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұрындары есепте тұрғандарға тиісті препараттарды емханалардан тыс орналасқан дәріханаларда алу мүмкіндігі берілген еді. Бірақ бұл шаруаға жыл сайын 700 млн. теңгедей қаржы шығындауға тура келетін. Биылғы 9 ай ішінде диспансерлік тіркеуде тұрғындарға 65 мың дана дәрі берілді. Облыстық қазынадан тіркеуде тұрғандарды дәрімен толық қамтуға қосымша 150 млн. теңге бөлінді.

Отырысқа қатысқан аға буын өкілдері болса, аталған дәріханаларда препарат алу мұң болғанын айтып, шағымданды. Өйткені, кезек көбейген. Салдарынан қариялардың кейбірі өздеріне қажет дәріге қол жеткізе алмай қалады.

Валентина Моргунова – облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Әсіресе, ауылдық жерде тұратын науқастарға тегін препаратты алу үшін аудан орталығына бірнеше рет сабылуға тура келеді. Петропавлдағы жағдай да мәз емес. Аға буын өкілдері күн сайын қажетті дәрі-дәрмегін ала алмай, уақыттарын емханада өткізуге мәжбүр.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы бұл мәселені бақылауға алып, қажетті шараларды қолға алатынын жеткізді.

Бахыт Садвокасов