Спорт

Теріскейліктер кикбоксингтен әлем чемпионын қарсы алды

Жерлес кикбоксшы Евгений Павлов туған жеріне әлемдік бәсекенің жүлдесін әкелді! Италияның Езоло қаласында кикбоксингтен өткен әлем чемпионатына алғаш рет қатысқан Евгений Павлов жеңімпаз атанса, оның командаласы Жансұлу Қаржауова қола медальға қол жеткізді.

Темір жол вокзалына чемпиондарды қарсы алуға келгендердің қарасы қалың. Спортшылардың бапкерлері, ата-аналары, туысқандары мен достары оларды көруге асық.

Евгений Павлов – кикбоксинг спортынан жасөспірімдер мен жастар арасынан шыққан солтүстікқазақстандық тұңғыш әлем чемпионы. Ал осы біріншіліктен кейін, жеңімпаз ересектер құрамасына өтеді. Италияда өткен доданың іріктеу кезеңінде ол жарыс жолынан Түркия мен Африканың спортшыларын ығыстырған. Ал ақтық сыңда Евгений Ирландия елінің кикбокшісімен жұдырық түйістіріп, жеңісті қаңжығасына байлады. Чемпион бұл атаққа жету үшін 10 жыл тер төккенін айтады.

Евгений Павлов, кикбоксинг бойынша әлем чемпионы:

– Чемпионат Италияның Езолло қаласында өтті. Бұл әлем біріншілігіне 70-ке жуық мемлекеттің, 2500-дей ең мықты деген кикбоксшсы жиылды. Кездесулер барысында менде қобалжу деген болмады, өйткені өзіме сенімді болдым. Алдағы уақытта да әлем чемпионаттарында жеңемін деп ойлаймын.

Ал 18 жасар Жансұлу Қаржауова аталмыш біріншілікте қола медальға қол жеткізген. Бұл жеңістің облыс үшін маңызы ерекше. Себебі, кикбоксингтен әлем чемпионатында бұған дейін бұрымды жерлестеріміз жүлдеге ілігіп көрмеген екен.

Жансұлу Қаржауова, кикбоксинг бойынша әлем чемпионатының қола жүлдегері:

–  Әрбір елдің спортшымен өткен кездесулер тартысты болды. Бірінші кездесуде Түркия елінің спортшысын жеңдім. Ал жартылай финалда Грекия спортшысына есе жіберіп алдым. 4 күндік Италияға сапарым өте қызықты өтті.

Кикбокшілерді байрақты бәсекеге Әділ Нұржауыпов дайындаған. Білікті бапкер спортшылардың бұл жетістіктерімен тоқтап қалмай, биік шыңдардан көрінуі үшін оларды алдағы уақытта да жаттықтыра бермек.

Әділ Нұржауыпов – СҚО кикбоксинг бойынша аға жаттықтырушысы:

– Кикбокстен өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасы 3 алтын, 3 күміс және 17 қола жүлдені еншіледі. Аталмыш дүбірлі додаға 4 солтүстікқазақстандық спортшы қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Ал чемпионымыз Евгений Павлов кикбокстен Қазақстан құрамысының капитаны атанды.

Сәл тыныққан соң спортшылар желтоқсан айында Астана қаласында өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастамақ.

Альмира Жетписбай