Жамбыл Жабаев көшесінің орталық бөлігінде жаңа саябақ пайда болды. Құрылысы осыдан бір жарым ай бұрын басталған демалыс орнында ұлттық нақышта жасалған түрлі композициялар орнатылған. Бұл саябақ қала тұрғындарының сүйікті орнындарының біріне айналып үлгерген.
– Шаһарымыз күннен күнге көркейіп келеді. Себебі, аббаттандыру ісі өз нәтижесін беруде. Оған дәлел, Жамбыл Жабаев көшесі бойындағы мына саябақ. Демалыс орнының басты ерекшелігі – барлық дүние ұлттық нақышта жасалған.
Мұнда сақина, алқа, сандық сияқты әдемі архитектуралық композициялар орнатылған. Барлығы қазақы оюлармен өрнектелген. Тіпті, қоқыс салатын жәшік те ерекше стильде жабдықталыпты. Саябаққа сән беріп тұрған сәулеттік туындылардың барлығы Астана қаласында дайындалып, шаһарға әкелінген екен. Идея авторы да елордалық архитектор.
Әлібек Естәулетов – Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің инспекторы:
– Бұл сквердің авторы Болат Мұхамедиев. Барлығы ақылдасып істелген. Саябақты алдымыздағы форумға дейін тапсырамыз деп уәде берді.
Сәні мен сәулеті келіскен саябақ қала тұрғындарының сүйікті орнына айналып үлгерген.
– Тамаша саябақ. Күнделікті кішкентай немереммен бірге осында келіп тұрамыз. Демалыс орнының пайда болғанына өте қуаныштымын.
Сондай-ақ, саябақ жанында ситиборд орнатылған. Бұл – ақпарат және жарнама тақтасы. Іші жарықтандырылған құрылғы да маңайға ерекше көрініс беріп тұр.
Арлан Евжанов – СҚО ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Қала бойынша осындай 9 тақта бар. Олар Ж. Жабаев, М. Жұмабаев, К. Сүтішев және Е. Бруссиловский көшелерінде орнатылған. Ситибордқа 5 түрлі мәлімет не жарнама жүктеуге болады. Ол блютуз арқылы жұмыс істейді.
Жақын арада саябақтың екі жағына биіктігі 5 метрлік 2 сәукеле және 8 шағын композиция орнатылмақ. Осы маңда жоспарланған барлық шаруа аяқталысымен, демалыс орнына ресми атау беріледі.
Молдир Макишева