Мәдениет

М.Жұмабаевтың мерейтойына арналған аймақаралық айтыс

Өткір тілді, ұшқыр ойлы жастардың додасы! Облыс орталығында «М. Жұмабаевтың 125 жылдығына» арналған өңіраралық айтыс өтті. Жарысқа Петропавл мен Көкшетаудан келген суырып-салма ақындар қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Қолдарына қазақтың қос ішекті домбырасын ұстап келген жастардың додасы бастау алды. Бұл қыз-жігіттердің өнері кімді болсын тамсандыратыны сөзсіз. Алғашқы болып сахнаға Айыртаулық Дәулет Құрмаш мен Көкшетаудан ат терлетіп келген Сая Тұрсынбекқызы шықты. Бұл жұп халыққа әбден таныс. Жастар осымен 3-ші мәрте қыз бен жігіттің айтысын көрсетуде. Қара өлең зергерлері бір-бірінің қыр-сырын білетіндіктен, алма-кезек сөзбен шаншып, қарсыласын тығыраққа тіреуге тырысты. Алайда, әрбір додада нәзікжандының алдын орап кететін Дәулет Құрмаш бұл жолы да халықтың назарын бірден өзіне аудартты.

Дәулет Құрмаш – жарысқа қатысушы, Айыртау ауданы:

– Айтыс өте тартысты өтті. Бір-бірімізді жақсы танимыз. Сондықтан, дайындалып келдік.

Сахна сыртындағы атмосфера да қызған. Ақындар халық алдына шықпас бұрын қобалжуларын басуға тырысып жатыр. Ермек Жуминнің бүгін айтыстағы дебюті. Бұл өнерге жақында ғана ден қойған 15 жастағы оқушының қарсыласы да осал емес – тәжірибелі әрі талантты көкшетаулық Думан Саматұлы.

Алайда, жасөспірім айтыстағы ағасына дес берер емес. Сөзге жүйріктілігін көрсеткен ол, қарсыласына лайықты жауап қатты. Білгірлік пен тапқырлық танытып, жеңіске жететініне сендірді.

Ермек Жумин – жарысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Айтыс арқылы халыққа біздің ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан ұлы өнерімізді көрсеткім келеді. Сондықтан, ақындар мектебіне барып, өзімнің суырыпсалмалық қабілетімді дамытудамын.

Суырып-салма ақындардың дені өткен жылғы өңіраралық айтыстың жүлдегерлері. Әрбір жұптың өнер көрсетуіне 20 минут уақыт берілді. Осы аралықта ақындар бір-бірін сынап, әрі белгілі мәселені талқылап, халыққа ой салулары қажет. Айтылған әрбір сөздің бағасын әділ-қазылар алқасы бермек.

Жарқын Жұпархан – облыстық ақындар орталығының жетекшісі:

– Бүгінгі айтыскерлердің өнерін қатаң бағалайтын боламыз. Сөз саптаулары, қалжыңдарының мағынасына мән береміз.

Жалпы, ұйымдастырушылардың сөзінше, жыл сайын айтысқа қызығушылық танытып, бұл өнерді жоғары бағалайтын жастардың саны артып келеді.

Эльмира Садвокасова