Денсаулық сақтау

Электрондық мемлекеттік қызметтердің саны артуда

Ыңғайлы әрі жылдам. Жыл басынан бері теріскейліктерге электрондық форматта 800 мың медициналық қызмет көрсетілген. Қазір оларды тек веб-порталдан ғана емес, арнайы мобильдік қосымшалардан алуға болады.

Дәрігерді үйге шақырту мен терапевтің қабылдануына жазылу. Бүгінде медициналық мекемелер көрсететін осы және өзге де қызметтерді электронды форматта алуға болады. Осылайша, бірнеше сағаттық кезекте тұрудың қажеті туындамайды. Ол үшін электрондық үкімет веб-порталына кіру керек.

Дәуренбек Бейсембаев – СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

–  Денсаулық сақтау басқармасы барлығы 17 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Оның 13-і ауруханалардың базасында жүзеге асады. 2012 жылдан бастап қызметтерді біртіндеп электрондық форматқа көшіру бойынша жұмыс жасаудамыз.

Осы орайда, денсаулық сақтау басқармасы «Дамумед» және «СКОмед» мобильдік қосымшаларын іске қосқан. Олардың көмегімен медициналық тексерістен өту туралы хабарлама алып, шаһар дәріханаларында қажетті препарататтардың бар-жоғын білуге болады.

Дәуренбек Бейсембаев – СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

–  Аталған қосымшаларды бүгінде 4 мыңнан астам теріскейлік өз телефондарына жүктеп алған. Бұл – интернет-белсенді халықтың тек 3 пайызын құрайды. Сондықтан, аталған бағыттағы жұмысты күшейттік. Егер, тұрғындардың басым бөлігі оларды қолданатын болса, өздерінің уақыттарын үнемдеп, оған қоса тексерістер жайлы ұмытпайтын болады.

Жалпы, 2018 жылдың басынан денсаулық сақтау басқармасы 1 млн-нан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Олардың 800 мыңдайы электрондық түрде жүзеге асыпты. Дені – дәрігер қабылдауына жазылу, медициналық картаның көшірмесін алу мен «ВИЧ-инфекциясына» ерікті түрде тексерілуге қатысты екен.

Альмира Жетписбай