Балалар

«Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының ІІ-ші облыстық слеті басталды

Петропавлда өңіріміздегі «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының ІІ-ші облыстық слеті бастау алды. Шараға жалпы саны теріскейлік 500-ден астам оқушы қатысып жатыр. Жиынның алғашқы бөлігінде оқуда озат, қоғамдық өмірде белсенді жастардың бірсыпырасы квест ойынына қатысты. Кейін салтанатты жиын ұйымдастырылып, парақорлыққа қарсы үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізетін оқу ошақтары мен клуб мүшелері марапатқа ие болды.

Петропавлда «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының облыстық слеті осымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Биылғы шараға өңіріміздің 13 ауданы мен жергілікті білім ошағының белсенді оқушылары қатысуда. Дәстүрлі жиында жасөспірім ұл-қыздар сыбайлас жемқорлықтың зиянын ұғынып, түрлі ойындарға қатыспақ.

Амангелді Сатанов – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

–  Бұл іс-шара арқылы жастарға сыбайлас жемқорлықтың зиянын түсіндіргіміз келеді.

Көп кешікпей қызыққа толы квест ойыны басталды. Оған 100-ге оқушы қатысты. Сайыс ережесіне сай балғындарға түрлі тапсырмалар берілген. Оларды жастар 1-ші Президент саябағында орындауы қажет.

Тапсырма алған ұл-қыздар жүгіріп белгіленген жерге де жетті. Мұнда қатысушылар жасырынған картинкаларды тапты, “жемқорлық” сөзі жазылған ребусті де шешті. Тағы, жұмбақтардың жауабын тауып, спорттық жаттығуларды орындады. Бұндай сайыс балғындардың көңілінен шығыпты.

Меруерт Оспанова – слетке қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Жұмбақ шештік, жазушылардың суреттерін таптық. Маған барлығы ұнады.

Қызықты квест ойынының соңында жеңімпаз құрама анықталды. Бұл жолы Есіл ауданының оқушылары үздік атанды. Бұдан соң, жастар Конституция көшесі бойымен жүріп өтіп, өздерінің жемқорлыққа қарсы екендіктерін жеткізді.

Бұдан соң жемқорлықпен күресте белсенді өңір оқушылары Жастар сарайында бас қосты.

“Адал ұрпақ” ерікті мектептер клубының мүшелерін екінші облыстық слеттің ашылуымен облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады. Ол аталған ұйымдардың өскелең ұрпақ санасында парақорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруда алатын орнына жоғары баға берді.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

–  “Ерікті “Адал ұрпақ” мектеп клубтарының негізгі мақсаттары мен міндеттері мектеп ортасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, жемқорлыққа төзбеушілікті нығайту және ынталандыру, оған қарсы іс-шараларды ұйымдастыру болып саналады.

Кейін мойындарына көк галстук байлаған 20 жеткіншек сахнаға көтерілді. Олар “Адал ұрпақтың” қатарына жаңадан қосылып жатыр. Бұл жерде әр оқушының кеудесіне оның клуб мүшесі екенін айқындап тұратын төсбелгі тағылды.

Бармақ басты көз қыстылыққа жол жоқ! Өңірдегі білім ошақтарында жұмыс істейтін “Адал ұрпақ” клубтары бүгінге дейін 1,5 мыңға жуық іс-шара өткізген. Бұл шаруада асқан белсенділік танытқан үздік тәлімгерлер, клуб мүшелері мен мектептер тиісті марапаттарына ие болды.

Дарья Степанова, слетқа қатысушы, Мамлют ауданы:

– Бұл клубқа мен 2016 жылдан бері мүшелік етемін. Мектепте арнайы үгіт-насихат тобы жұмыс істейді. Біз оқушыларға парақорлықтың қоғамға келтіретін залалын түсіндіріумен айналысамыз. Бүгін мен белсенділігім үшін грамотаға ие болдым. Бұл марапат мені одан да ауқымды шаруаны атқаруға ынталандырды.

Бүгінде “Адал ұрпақ” ұйымдары теріскейдегі 500 шақты мектепте жұмыс істейді. Жемқорлықты даттап, адалдықты жақтайтын мұндай клубтарға облыс бойынша 70 мыңға жуық мектеп оқушысы мүшелікке өткен.

Байболат  Култанов