МТРА жаңалықтары

Теріскейлік жеке сот орындаушыларының қарауында 40 мыңнан аса іс бар

Қазіргі таңда өңірімізде 53 жеке сот орындаушысы бар. Олардың қарауына үстіміздегі жылдың басынан 60 мыңнан аса атқарушылық құжат түскен. Осы күні бұл істердің саны 22 мыңға дейін қысқарып отыр. Бүгін әділет саласы өкілдерінің осы және өзге де қызметтері жайлы өңірлік коммуникациялар брифингінде сөз болды.

2015-ші жылдың 6-шы мамырында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 100 нақты қадам ұлт жоспарын жарияланды. Сол стратегиялық құжаттың 27-ші бағытында Президент, жекеменшік сот орындаушылары институтын одан әрі дамыту қажеттігін көрсеткен болатын. Міне, осыдан бастап Қазақстанда өз алдына жұмыс істейтін әділет саласы мамандарының қатары артты. Мәселен, бүгінгі таңда өңіріміздегі сот үкімдерін орындаушылардың қатары 53-ке жетіп отыр. Ал, осыдан 3 жыл бұрын облыста небары 20 маман болған.

Айжан Бимақанова – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:

– Өңіріміздегі сот орындаушыларының қарауында 60 мыңнан астам атқарушылық құжат жатыр. Жылдың басынан бері осы істердің 22 мыңы тоқтатылды. Негізінен біздің бақылауымызға әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алу, жалақы қайтару сынды арыз-шағымдар кіреді. Қазір осы бағытта еңбек етудеміз.

Брифинг барысында жеке сот орындаушы Хасиет Жолдасбаева заңға көнбегендерге тағайындалатын жаза түрлерінің бірқатарына тоқталды. Мәселен,
мамандар қарызы барлардың мүлкін хаттайды, 2-ші деңгейлі банктерде ашылған шоттарынан қаржыны сұратып алады. Одан бөлек берешегі 20 АЕК асқандардың ел аумағынан шығуына тыйым салады.

Хасиет Жолдасбаева – жеке сот орындаушысы:

–  Дегенмен, қарызы бар адам соттың шешімін орындап берешегін өтесе немесе өндіріп алушымен өзара келісімге келсе, шекарадан аса алады. Жеке сот орындаушысына өзге мемлекетке емделуге бара жатқандығын растайын анықтаманы көрсеткен жағдайда да тыйым уақытша алынып тасталады. Ал, кейін елге оралған соң тұлғаның атқарушылық құжаты қайтадан күшіне енеді.

Бұл ретте айта кеткен жөн, жеке сот орындаушылары өз істерін заңға сәйкес сапалы атқарулары тиіс. Олай болмаған жағдайда мамандардың үстінен де Әділет департаментіне арыз-шағым түсуі мүмкін.

Айжан Бимақанова – СҚО әділет департаментінің бөлім басшысы:

– Осы күнге дейін жеке сот орындаушыларына қатысты 200-ден аса шағым түсті. Бұл наразылықтардың шамамен 20 шақтысы расталды. Яғни, маманның жұмысынан қателік табылды. Бұл қызметкерлермен түсіндіру шараларын жүргіздік. Ал, өрескел заң бұзғандар Соттың шешімімен жазаланды.

Жалпы, соңғы екі жылдың ішінде өз ісінде қателік жіберген 2 жеке сот орындаушының қызметі уақытша тоқтатылыпты. Ал, 3-еуі мүлде лицензияларынан айрылған екен.

Байболат  Култанов