Тұлға

Қожаберген жыраудың туғанына – 355 жыл

Биыл Қожаберген жыраудың туғанына 355 жыл толып отыр. Атақты батырдың мерейтойына орай жергілікті жоғарғы оқу орнында студенттерге арналған дөңгелек үстел өтті. Шарада жерлесіміздің өмірі мен артынан қалған мұрасы сөз болды.

Атақты батыр, әйгілі суырып салма ақын, әрі жырау. Қожабергеннің есімі тарихта алтын әріптермен жазылып қалды. Оны білмейтіндер кемде-кем. Араб, парсы тілдерін жетік меңгерген ол 13 жасында ақындыққа ден қойып, он жетісінде аңыз-әңгімелерді жыр етіпті. Көп ұзамай жауынгер қазақ сарбаздарын бастап, жоғар шапқыншыларына қарсы соғысқа аттанған. Осындай ұрыстардың бірі оның “Елім-ай” дастанынан көрініс тапты. Қазақтардың басына түскен қиын кезең – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны” Қожаберген жырау толық сипаттады. Бүгінгі дөңгелек үстелде оның кейінгі ұрпаққа қалдырылған мол мұрасы сараланып жатыр.

Әсел Бекмурзина – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы:

– Бүгінгі дөңгелек үстелде доцент пен профессорларымыз студенттерге Қожаберген жырау туралы тарихи деректерді баяндайтын болады.
Тарихсыз болашақ жоқ. Сондықтан, кейінгі ұрпақ туған елінің құрылуы мен ата-бабаларының көрсеткен ерлігі жайлы білуі қажет. Алайда, ғалымдардың айтуынша, Қазақстандағы орта ғасырлар дәуірі толық зерттелмеген. Осылайша, кезіндегі атақты қолбасшы, жауынгер, ақын, сері, жырауларымыздың атын енді ғана естіп, біліп жатырмыз. Қазірде бұл қоғам қайраткерлерінің өткен өмірін зерттеуге ерекше көңіл бөлінуде. Сондықтан, белгілі болған тың дерек жастардың назарына ұсынылады.

Анатолий Плешаков – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты:

– Бір жылдан астам уақыт бойына мен Жамбыл ауданының тумасы Сүйіндік батырды зерттеумен айналысып келемін. Атақты жауынгер 17-18 ғасырларда өмір сүрген. Керей руынан шыққаны белгілі. Бірақ бұл батыр туралы да дерек көп емес. Өткен жылы оның өз жауынгерлерімен бірге жерленген жерін таптық. Қабір Орталық ауылының маңында орналасқан. Қазір осы бағыттағы жұмысымызды жалғастырудамыз. Кейінгі ұрпақ өз ата-бабаларын білуі қажет.
Айту керек, тарихшы Сүйіндік батырдың қабірін өңіріміздің қасиетті жерлерінің картасына енгізу туралы ұсыныс тастапты.

Эльмира Садвокасова