Балалар

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық ашылды

Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық ашылды.
“Гестия” деп аталатын мәдениет және бос уақытты өткiзу ұйымына ата-аналар даун және аутизм синдромына шалдыққан балаларын ертіп келе алады.

 

“Гестия” мәдениет және бос уақытты өткiзу орталығы аптасына 4 күн, кешкі сағат 6-дан 8-ге дейін жұмыс істейтін болады. Мұнда білікті мамандар аутизм және даун синдромына шалдыққан балаларға тренингтер өткізбек. Бұл қызмет түрі үшін ата-аналардан ақы алынбайды. Бәрі тегін.

Мәдениет және бос уақытты өткiзу орталығына 4 жасар баласын Ксения Щербакова да ертіп келген. 2 жыл бұрын Артемның бойынан аутизм белгілері байқалыпты. Содан бері анасы оны түрлі мамандарға қаратып жүр.

Ксения Щербакова – қала тұрғыны:


– Осындай тегін орталықтың ашылғанына қуаныштымын. Бұған дейін баламды жеке меншік орталықтарға апарып жүрдім. Ондағы мамандарға аптасына 10 мың теңге төледім. Шыны керек, кейде қаражат болмай қалады. Ал балаға үнемі психологтар мен дефектологтардың көмегі қажет. Қазір ұлым айтқан сөздерді қайталайды. Көзге тура қарайтын болды. Адамдармен сөйлесе бастады. Мен оның әр жетістігіне қуанамын. Баламның қоғамға тез бейімделгенін қалаймын.

“Гестия” орталығын ашу идеясы Әділ Бейсембаевқа тиесілі. Оған бұл арманын жүзеге асыруға бірнеше белсенді жас көмектесіпті. Жерлестеріміз қаражатты біреуден сұрап алған жоқ. «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасы аясында өткізілетін байқаулардың біріне қатысқан талапты жан 1 млн теңгелік грант ұтып алыпты. Сол сома ғимаратты жалдауға және мамандардың жалақысына жұмсалмақ.

Әділ Бейсембаев – “Гестия” мәдениет және бос уақытты өткiзу орталығының жетекшісі:

– Мұнда аутизм және даун синдромы бар балалармен логопед, дефектолог, психолог мамандар айналысады. Қосымша сабақтардан бөлек, кішкентайлар үшін көңіл көтеретін шаралар ұйымдастырылады. Балақайларға
синтезаторда, гитарада ойнауды үйретеміз. Ағылшын сөздерін жаттаймыз. Ата-аналары да осы жерде бас қосып, ортақ проблемалары төңірегінде әңгіме қозғап, тәжірибелерімен бөлісе алады. Алдағы уақытта жұмыс кестесін ата-аналармен ақылдасып нақты белгілейміз.

Мәдениет және бос уақытты өткiзу ұйымында 30 шақты бала инклюзивтік біліммен қамтылмақ. Орталық Маяковский көшесіндегі 93-ші үйде орналасқан.

Берік Қасен