Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Нұрлы жол” бағдарламасының жүзеге асу барысы талқыланды

Қазіргі уақытта өңірдегі жолдардың 273 шақырымында – орташа, ал 8 жарым километрінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Трассаларды қалыпқа келтіру шаруасы “Нұрлы жол” мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асуда. Бүгін “Нұр Отан” партиясының облыстық мәслихаттағы фракция депутаттары аталған жобаның жүзеге асу барысын талқылады.

“Нұр Отан” фракциясы депутаттарының алдына бірінші болып, өңірлік жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Балахонцев шықты. Оның сөзінше, ұзындығы бойынша елде 3-ші орын алатын СҚО-ның жолдарында орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Бұл мақсатта “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында жергілікті қазына мен республикалық бюджеттен барлығы 9,3 млрд теңге бөлінген.

Владимир Балахонцев – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Бұл соманың 1 млрды “Келлеровка-Тайынша-Чкалово” тас жолының 8 жарым шақырымын күрделі жөндеуге жұмсалды. Мұнда 1 шақырымды қалыпқа келтіру бағасы – 160 млн. теңгені құрайды. Қалған 8,3 млрд. теңге облыстық маңызы бар тас жолдардың 20 шақты учаскесін орташа жөндеуге бағытталды. Бұл шаруа бүгінде 7 ауданда атқарылып жатыр.

Басшының бас көтермей баяндап берген сандарына сай бөлінген ақша әзірге толық игеріліп жатыр. Бірақ, халық қалаулаларының салынып жатқан жолдың сапасына байланысты сұрақтары аз болмады.

Артур Молдағұлов – «Нұр Отан» партиясы СҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

–  Өткен аптада Айыртау ауданына қарасты Казанка ауылдық округінде болдым. Бұл аумақ арқылы өтетін облыстық маңыздағы жолдардың жағдайы өте нашар. Мәселені, осыдан екі жыл бұрын өңір басшысы көтерген еді. Сонда, жобалық сметалық құжат әзірленіп жатыр деп жауап бердіңіздер. Бірақ, құжат та, атқарылып жатқан жұмыс та жоқ.

“Нұр Отанның” депутаттарын тағы Волошинка, Сергеевка және Тимирязево елді-мекендерін жалғайтын тас жолдың жағдайы алаңдатады. Бұл трассаның жөнделуін жерлестеріміз ұзақ күтті. Биыл 461 млн теңге бөлініп, жөндеу тәмамдалуға жақын. Алайда, ауылдағы ағайын халық қалаулыларына оның сын көтермейтін сапасына қатысты базыналарын жеткізген екен.

Айман Асанова – облыстық мәслихаттың депутаты:

– Ақжан ауылынан бастап төселген жаңа асфальт жабындысы қазірдің өзінде шұрық-тесік. Оны мердігер үстінен қайта жамап жатыр. Сондықтан, аудан тұрғындары жаңа трассаның бұрынғысынан еш айырмасы болмайды ма деп қорқып отыр.

Владимир Балахонцев – СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

– Бұл шаруаны “Титан- Север” және “Элен” серіктестіктері атқарып жатыр. Техникалық бақылау мамандары жуырда бұл учаскеде болды, олардың тарапынан ешқандай наразылық туындаған жоқ. Мердігер жөндеу біткен соң екі жылға дейін кепілдік береді. Жол сапсыз болса, олар учаскені өз қаражаты есебінен қайта жөндейтін болады.

Депутаттарға теріскейліктер тарапынан жол сапасына байланысты шағымдар әсіресе көптеп түседі екен. Сондықтан, олар мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуы мен ақшаның игерілуін тексеруді шешкен. Жалпы айтсақ, “Нұрлы жолдың” аясында атқарылған шаруа халық қалаулыларының көңілінен шығып отыр. Дегенмен, сапаға қатысты олқылықтарды алдағы уақытта болдырмау үшін депутаттар бақылауды күшейту қажет деп санайды.

Сергей Тимофеев – облыстық мәслихат депутаты:

– Жол жөндеуге қатысты тендер өткізгенде көбіне таңдау ауқымды жеңілдік жасаған немесе ұсынған бағасы арзан серіктестіктерге түседі. Бұл құпия емес. Ал материалдардың сапасы мен шаруаның атқарылу барысына қатысты тиісті бақылау жоқ. Яғни, техникалық бақылау мамандары жердің дұрыс тығыздалып, тегістелуін, асфальттің сапасын, жұмыс жасап жатқан техниканың жағдайын қарау керек.

Саят Ермек – тілші:

– Осы орайда, фракция депуттаттары жөндеу жүргізілген жолдың сапасын тексеруге техникалық бақылау мамандарын ғана емес, халық қалаулыларынан құрылған арнайы комиссияны да шақыру қажет деген бұйымтай тастады. Басқарма басшысы Владимир Балахонцев болса депуттаттар тарапынан түскен ұсыныстың ескерілетінін жеткізді.

Саят Ермек