Экология

Жарамсыз тұрмыстық техникаға арналған қоқыс жәшіктері орнатылды

Жарамсыз қалған электрондық және кеңсе техникасы бұдан былай әр жерде шашылып жатпайды. Қолданыстан қалған бұндай заттар үшін облыс орталығында арнайы жәшіктер орнатыла бастады. Алдағы уақытта “Промотход Қазақстан” ЖШС аталған қалдықтарды сұрыптап, қайта өңдеп, кәдеге жаратпақ.

 

Тоғжан Ақмағамбетова – тілші:


– Қаламыздың жер-жерінде орналасқан мына жәшіктерді теріскейліктер өткен аптадан бері байқаған шығар. Енді мұнда тұрғындар қолданысқа жарамайтын ноутбук, фотоаппарат, ұялы телефон сынды түрлі техникаларды лақтыра алады.

Кейін жарамсыз заттар “Промотход Қазақстан” серіктестігінде тиісті сұрыптаудан өтіп, арнайы құрылғыда ұсатылады. Әрі қарай қайта өңдеуге Қарағандыға жөнелтіледі екен.
Облыстық табиғи ресустар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мамандары бұл бастаманың өңір экологиясын жақсартуда зор маңызы дейді.

Виктор Спиней – СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:

– Аталған шараның ең басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау болып табылады. Бұрындары тұрғындар электрондық техниканы жалпы қоқыс жәшігіне лақтырып, олар кейін тұрмыстық қалдықтар полигондарында жайрап жататын. Оның экологияға зияны айтпаса да түсінікті. Алдағы уақытта жұртшылық осы заттарды арнайы орындарға тапсырса, олар қайта өңдеуге жіберіліп, кәдеге жаратылар еді.

Бүгіндері мұндай жәшіктер қаламыздың орталығында ғана емес, шеткері аудандарда да қойылып жатыр. Бірақ, әзірге жергілікті тұрғындар бейхабар болуы керек, ішіне тасталған ескі тұрмыстық техника аз. Бұл бастаманың қолға алынғаны небәрі 2 апта ғана. Сол себепті, мамандар петропавлдықтар алдағы уақытта қоқыс лақтыруға да ұқыптылықпен қарап, оны іріктеуге көңіл бөледі деген сенімде.
Қарағандылық компания арнайы жәшіктерді еліміздің өзге өңірлерінде де орнатқан екен. Мәселен, Қостанай облысында аптасына қолданыстан шыққан электронды және кеңсе техникасының 1300 келісі жиналып, қайта өңдеуге жіберіледі.

Тимур Сұлубеков – “Промотход Қазақстан” ЖШС директоры:


– Бүгіндері Қостанайда 5 жәшік қойылған. Ал Қарағанды облысында 10 шақты арнайы қорап бар. Олардың санын 33-ке дейін жеткізбекпіз. Жалпы, біз салмағы ауыр электрондық техникаларды тұрғындардың үйінен тегін алып кете аламыз.

Бұдан бөлек, аталған компания медициналық қалдықтарды қабылдайды. Күніне серіктестік өңіріміздегі емдеу мекемелерінен 700-800 келі ұсақ заттарды жиып алып, арнайы пеште өртейді.

Тоғжан Ақмағамбетова