Қоғам

Үлгілі отбасылар бақыт құпиясымен бөлісті

“Қазақстанның орыс общинасы” қоғамдық бірлестігінің жергілікті филиалы еліміздің гүлденуіне үлес қосып, кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетіп келетін ұлағатты отбасыларды марапаттады. Тату-тәтті, түсіністікте ғұмыр кешіп жүрген 8 әулет махаббат пен адалдық медаліне ие болды.

 

Бақыт пен махаббат. Бұл екі ұғым қай уақытта болмасын қатар жүреді. Олар бар жерде сүйіспеншілік, сыйластық пен шаттыққа толы отбасы да болады. Бәлкім, нағыз жанұяның басты сыры да осы шығар. Бүгін залға жиылған әулеттер махаббат пен адалдық медалімен марапатталмақ. Александр мен Валентина Бутырских осыдан 57 жыл бұрын отау құрыпты. Осы уақыт ішінде отбасының беріктігі сан мәрте сынға алынған. Алайда, бастарына түскен қиыншылықтар жарасымды жұпқа еш кедергі болмапты. 1961-ші жылы неке қию күнінде берген анттарына адал жандар әлі күнге дейін бір-біріне сол баяғы нәзіктік және махаббатпен қарайды.

Валентина Бутырских:


–  Танысқан кезде 18 жаста едік. Бір жылдан соң үйлендік. Кейін жұбайым Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Баламызбен оны әскер қатарынан 3 жыл бойы күттік. Содан бері сыйластық пен махаббатта ғұмыр кешудеміз. Жастарға айтарым – әрдайым бір-бірлеріңе құрметпен қарап, шешімдеріңді қолдаңдар. Сонда ғана тату-тәтті отбасы боласыздар.

Міне, ең қобалжулы сәт те келіп жетті. Бір-біріне қамқорлық танытып, аялаған ерлі-зайыптыларға махаббат пен адалдық төсбелгісі тағылды. Алайда, жарасымды жұптардың өмірдегі басты жетістігі медаль емес, әрине де, бауыр еті балалары. Александр мен Валентина Бутырских бүгінде 2 баладан, 4 немере мен 4 шөберенің қызығын көруде. Махаббатқа толы отбасында дүниеге келіп, тәрбие алған кейінгі қыздары ата-анасын ерекше үлгі тұтады.

Лариса Бутырских:


–  Мен ес білгелі олардың жұптары жазылып көрген емес. Махаббатқа бөленіп өстік. Ұрыс-керіс, жандал деген біздің отбасында болған жоқ. Әрдайым бізге өз ақыл-кеңестерін беріп отыратын. Ата-анам маған туғандарымды, достарым мен жалпы қоршаған ортаны құрметтеуді үйретті.

Бұл залға жиылған әр жанұяның ортақ тарихы 30 жылдан асады. Олардың өз бақыт құпиясы бар. Бүгін жастарға үлгі осындай әулеттердің 8-і тиісті марапатқа ие болды.

Николай Авдеев – «Русская община Казахстана» СҚОФ төрағасы:


–  Біз мұндай шараны биыл алғаш рет өткізудеміз. Себебі, жастар үлгілі отбасыларды білуі қажет. Неге десеңіз, қазіргі таңда отау құрып жатқандар бір-екі жылдан соң ажырасып кетуді әдіт қылған. Аталған мәселе елімізде өте өзекті. Сондықтан, оларды ұлағаты мол, көпті көрген, махаббаттарына берік жандармен таныстыру арқылы, кейінгі буынға отбасылық бақытты көрсеткіміз келеді.

Іс-шараның көркін жергілікті өнер иелері келтіріп, ерлі-зайыптыларды ән-шашуларымен құттықтады.

Эльмира Садвокасова