Спорт

Петропавлда спорттық акробатикадан ҚР чемпионаты өтті

Демалыс күндері Петропавлда жасөспірімдер арасында спорттық акробатикадан ҚР чемпионаты бастау алды. 3 күнге жалғасатын біріншілікте еліміздің 9 облысынан жиылған 150-ден астам жеткіншек бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.

Сальто, айналымдар және түрлі акробатикалық трюктер. Қазақстанның түкпір-түпірінен жиналған жеткіншектер бұл қимыл-қозғалыстардың бәрін асқан шеберлікпен орындап жатыр.
Дәл қазір кілемде Алматы облысынан келген жұп өнер көрсетуде. Қыздардың акробатикамен айналысып жүргеніне 1 жылдан асыпты. Бұл олардың алғашқы чемпионаты емес, сондықтан қыздар осы турнирдегі жеңістен үмітті.

Ира Саламаткина – жарысқа қатысушы, Алматы облысы:


– Біріншілікке 1 ай бойы тыңғылықты дайындалдық. Біздің жұп өткен жылы ғана құрылған болатын. Алайда, алғашқы жаттығулардан-ақ, бір-бірімізді жақсы түсінісіп кеттік. Жоғары нәтиже көрсеттік деген ойдамын. Акробатикалық трюктердің бәрі жақсы шықты.

Келесі болып өз өнерлерін паш кеткен теріскейлік ұлдар төрттігі де ерекшеленді. Жеткіншектер халық назарына түрлі акробатикалық жаттығулардан құралған күрделі хореографиялық нөмірді ұсынды.

Спортшылар 5 аталым бойынша, 4 жас ерекшелігінде сынға түсті. Олардың өнерін 16 төреші сынап, әділ бағасын береді. Арасында халықаралық дәрежедегі судьялар да бар.

Андрей Ямпольский – чемпионаттың бас төрешісі:


– Спорттың бұл түрі әмбебап әрі көздің жауын алады. Жарысқа қыздар жұбы, ұлдардан құралған және аралас жұптар мен қыздар триосы, жігіттердің төрттігі қатысады. Біз әр түрден жеңімпаздарды анықтайтын боламыз. Чемпионатта гимнастардың акробатикалық жаттығуларды орындауы, техникасы мен нөмірдің хореографиясына баса мән беріледі.

Біріншілікте барлығы еліміздің 9 облысынан келген 150-ден астам атлет бақ сынап, өзара мықтыны анықтамақ. Үш күндік турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне мақтау қағаздары мен құнды сыйлықтар табысталады.

Альмира Жетписбай