Мәдениет

Мәдениет нысандары қалыпқа келтірілуде

Кітапхана, архив, театр, клуб. Облысымыздағы бірқатар мәдениет нысандары қалыпқа келтіріліп жатыр. Бұл мақсатқа соңғы 2 жылда өңір қазынасынан 256 млн. теңге бөлініпті

 

Облыстық әкімдік жыл сайын мәдениет нысандарын қалыпқа келтіруге қомақты қаражат бөліп келеді. Биыл кезек С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына жеткен. Аталмыш өнер ордасының іші жөнделіп, бірқатар құрылғылар жаңасына алмастырылыпты. Театр директоры Біржан Жалғасбаев алда атқарылар шаруа жетерлік дейді.

Біржан Жалғасбаев – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры:

– Өртке қарсы жүйесі толығымен ауыстырылды. Театрдың ішіне-сыртына жаңа камералар орнатылды. Енді кеспе тастар ауыстырылады. Әдемі гүлзар пайда болады. Жарық шамдары, орындықтар жаңаларына алмастырылады.

Осы тектес шаруа Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында да
жүргізіліпті. Мұнда ғимараттың артқы жағы ретке келтіріліп, маңайына қарағайлар отырғызылған.

Спартак Рамазанов – Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының директоры:

– Қабырғаларын жөндеді, терезелерін, бордюрларын ауыстырды. Болашақта кассаны жөндеу жоспарымызда бар.

Алдағы уақытта бұл өнер ошақтарының жылыту жүйелері жаңғыртылмақ. Қазіргі таңда аталған жұмыстарға жобалық сметалық құжаттар әзірленіп жатыр екен.

Зәуре Нұрмұқанова – СҚО әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары:

– Үстіміздегі жылы Шал ақын ауданындағы мәдениет үйі, С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана ғимаратының сырты және Аққайың аудандық архив ғимараты күрделі жөнделуде. Жыл соңына дейін облыстық бюджеттен бөлінген 65 млн. теңгені игеру қажет. Қаражаттың басым бөлігі облыс орталығындағы мәдениет нысандарын қалыпқа келтіруге жұмсалады.

Жалпы соңғы 2 жылда мәдениет саласына облыс қазынасынан 200 млн. теңге бөлініпті. Сол қаражатқа 13 нысан қалыпқа келтірілген. 5-еуі аудандарда орналасқан. Олар архив ғимараттары, мәдениет үйлері және клубтар.

Берік Қасен