Қоғам

СҚО республикалық құқықтық турнир өтті

Өңірімізде алғаш рет республикалық құқықтық турнир өтті. Шараға Көкшетау, Астана және Қостанай облыстырының фемида өкілдері ат салысты. Ерекше турнирге қатысқан жас судьялар 17-ші ғасырдағы билер мен осы заманғы сот процесстерін сахналады.

Сахнада Өскемен гарнизоны әскери сотының судьялары өнер көрсетуде.
Басқа құрамалардан ерекшелену үшін олар бұл турнирде импровизацияны көбірек жасаймыз дейді.

Азат Даменов – Өскемен гарнизоны әскери сотының судьясы:


– Байқаудағы тапсырмаларға мейлінше дайындалып келдік. Күшті қылып көрсетуге тырысамыз. Саханада импровизация да болады. Сот процесі барысында орын алатын қызықты оқиғаларды сахналаймыз.

Барлық сахналық қойылымдарға Тәуке ханның “Жеті жарғысы” арқау болған. 17-ғасырдағы оқиғаларды шеберлікпен суреттей білген Ақмола облысының құрамасы қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Көкшетаулық судьялар бұрынғы заман тұрғындарының образына еніп, билердің балақайдың өліміне кінәлі болғандарға қатысты үкім шығарып жатқан сәтінен қойылым ұсынды.

Құқықтық турнир барысында Көкшетау, Астана және Қостанайдың фемида өкілдері осы заманғы соттардың жұмысын әзілмен астарлауға тырысты. СҚО-ның судьялары бұл сайыста өзге аймақтағы әріптестерінен ерекшеленіп, қойылымдарын орыс тілінде ұсынды.

Байқауға сот саласындағы еңбек өтілі 5 жылға толмаған мамандар қатысты.

Гүлнар Әбдіғалиева – қазылар алқасының мүшесі, Астана қаласы сотының судьясы:

– Турнир барысында қатысушылар билердің төрелігі мен сот процесстерін сахнада сомдады. Біз олардың әртістігіне, киім үлгісіне мән береміз. Қоманданың жұмысын бағалаймыз. Құрама капитандары да өздерін көрсете алулары тиіс. Біз жас судьяларға қосымша сұрақтар қоямыз. Осылайша, құқықтық сауатылықтарын тексереміз.

Шара соңында барлық қатысушылар марапатталмақ. Құқықтық турнирдің екінші кезеңі қараша айында Астана қаласында өтеді.

Берік Қасен