Қоғам

Жалпыреспубликалық диктант өтті

Астана – бейбітшілік бесігі. Бұл – бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде бір уақытта жазылған диктанттың тақырыбы. Оған қатысуға мектеп оқушыларынан бөлек, түрлі сала мамандары да ниет білдіріпті. Осылайша, жалпыреспубликалық шараға ат салысқандар қазақ тілі бойынша білімдерін сарапқа салып қана қоймай, мемлекетіміздің ертеректегі астаналарының тарихымен де танысты.

Сағат таңғы 11. Залда мүлгіген тыныштық орнап тұр. Тек қазақ тілі пәні мұғалімінің сөздері ғана естіледі. Барлық жиналғандардың да назары – ұстазда. Жыл сайынғы жалпыреспубликалық диктанттың биылғы тақырыбы – «Астана – бейбітшілік бесігі». Мәтінде қазақ халқының әр замандағы астаналарының тарихы баяндалған.

Сәлімхан Сәбитов – «Қоғамдық келісім» КММ жетекші сарапшысы:

– Бүгінгі шараға мектеп оқушылары, университет студенттері мен түрлі сала мамандары қатысуда. Басты мақсаты – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, насихаттау.

Раиса Рамазанованың мектеп бітіргеніне 38 жыл болыпты. Сол уақыттан бері оқушы партасына отырмаған нәзікжанды бүгін қолына қайта қалам мен бір парақ қағаз алып, диктант жазуда. Зейіні мен ынтасы әлі сол қалпы. Мұғалімнің әрбір сөзін мұқият тыңдап, айна қатесіз мәтінді қағаз бетіне түсіруге тырысып отыр. Раиса Рамазанованың айтуынша, татар мен қазақ тілі ұқсас болғандықтан, оны меңгеру де аса қиындық тудырмапты.

Раиса Рамазанова – «Дуслык» татар-башқұрт орталығының мүшесі:

-Диктант қиын емес, керісінше қызықты болды. Барлық сөздерді білемін. Бұндай шараға бірінші рет қатыстым, өте қуаныштымын.

Жұмагүл Асқарова үшін де диктант аздаған қиындық тудырыпты. 7-ші сынып оқушысы қазақ тілінен әдетте бестіктер алатын. Алайда, бүгінгі мәтінді 4-ке жаздым деп отыр.

Жұмагүл Асқарова – №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Диктант қиын болды. Мәтін өте ауқымды екен. Біз мектепте бұндай үлкен диктанттар жазбаймыз. 01-05 Маған ұнады, көп ақпарат алдым.

Жалпыреспубликалық диктантқа өткен жылы өңірімізден 4 мыңдай адам қатысыпты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жылдан-жылға шараға қызығушылық танытушылардың саны артып келеді.

Эльмира Садвокасова