Құқық қорғау органдары

Шал ақын ауданында 2 баукеспе 4,5 тонна астық жымқырмақшы болған

Өңір полицейлері /4,5 тонна астықты өздері жұмыс істейтін қожалықтан ұрламақшы болған Шал ақын ауданының екі тұрғынын құрықтады. Қазір бұл іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Ырыздық жинау науқаны бастау алғалы осы сынды заңбұзушылықтарды тәртіп сақшылары арнайы алдын алу шаралары мен рейдтердің барысында анықтауда.

Саят Ермек – тілші:

 – Орақ науқаны басталысымен егін алқаптарындағы ұрлық фактілері көбейе бастайды. Оңай олжаға кенелуді көздеген баукеспелер көбіне астық өнімдерін, танап басындағы ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін және жанар-жағар майды қолды қылады. Диқандар жазғы еңбегінің жемісін жинай бастағалы полицейлер облыс бойынша осы тектес жымқырудың 11 фактісін әшкерелеп үлгерген.

Бұл заңбұзушылықтардың бетін өңірдің тәртіп сақшылары дәстүрлі “Астық-2018” жедел алдын алу шарасының барысында ашқан. Ұрыларды құрықтауға бағытталған шара тамыздың 20-сы мен қазанның 10-ы аралығында жүреді.

Мадияр Харипов – СҚО ІІД криминалдық полиция басқармасының аға жедеол уәкілі:

– Жем ұрлау бойынша 2 факті, 4 оқиға жағар-жағар май, ал техниканың қосалқы бөлшектерін ұрлау бойынша 5 фактінің беті ашылды.

Астық ұрлау бойынша екі оқиғаның алғашқысы Шал ақын ауданында орын алған. Жергілікті шаруа қожалығының 2 қызметкері 4,5 тонна бидай жымқырған. Екінші факті – М.Жұмабаев өлкесінде тіркелді. Қазір бұл қылмыстық істерге қатысты өзге ақпарат сотқа дейінгі тергеу амалдарына байланысты жарияланбай отыр. Сезіктілердің кінәсі ділелденсе, олар ҚР ҚК 188 бабының 1 тармағы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

 

 

 

Саят Ермек