Мәдениет

Петропавлға гастрольдік сапармен танымал саксофоншы келді

Мейнстрим, хард-боп, кул және бибоп. Петропавлға гастрольдік сапармен джаз жанрының осы стильдерін үйлестірген америкалық саксофоншы Рэй Блю келді. Талант иесі өнерсүйер қауымының назарына 10-нан астам танымал джаз композицияларын ұсынды.

Концертті жергілікті өнерпаздар ашып берді. Кейін сахна төріне көрерменнің көптен күткен қонағы – америкалық саксофоншы Рэй Блу шықты. Онымен бірге гастрольдік сапарда Санкт-Петерборлық Алексей Черемизов те еріп жүр. Қос мейман жиналғандар назарына саксофон мен пианиноның үйлесім тапқан әсем үнін сыйлады. Жергілікті жердегі концертке талант иелері танымал джаз композицияларын таңдаған.

Алексей Мишаченко – облыстық филармонияның солисі:

– Бізге екі тамаша өнер иесі келді. Олар саксафоншы Рэй Блу мен петерборлық пианист Алексей Черемизов. Өнерпаздар биыл гастрольдік сапармен Ресей, Қырғызстан елдерінде болып қайтты. Енді міне ат басын Қазақстанға, оның ішінде Петропавлға да тіреді. Біздің қаламызда музыканттың фанаттары көп. Өйткені Рэй Блу, біздің елімізге алғаш рет келіп тұрған жоқ.

Рэй Блу джаздың отаны Америка елінде дүниеге келген. Өзінің шығармашылық жолын 70-ші жылдары Нью-Йорк қаласында бастаған екен. Қазіргі таңда ол әлемге танымал саксофонист, “Jazz Awards” марапатының 6 дүркін иегері. Талант иесі көптеген атақты әншілермен бір сахна төрінде өнер көрсеткен. Қазіргі таңда ол жас дарындыларды сүйікті аспабында ойнауды үйретіп жүр.

Рэй Блу – “Jazz Awards” марапатының 6 дүркін иегері:

– Менің музыкаға деген махаббатым бала кезімнен пайда болды. Содан бері міне осы салада өнер көрсетіп жүрмін. Бізді Петропавлда өте тамаша қарсы алды. Бұл өңірдің тұрғындары қонақжай және бауырмал екен. Көрермендер маған үлкен қошемет көрсетіп жатыр. Барлығы жоғары деңгейде өтуде.

Рэй Блу саксофонды бірде сызылта үрлеп, бірде ойнақы әуен орындап, көрермендерді елітіп әкетті. Оның шығармашылығымен алғаш рет танысқандар да құлақ құрыштарын қандырып, талант иесіне ризашылықтарын білдірді.

– Рэй Блудің композицияларын қолым бос уақытта тыңдауға тырысамын. Өте талантты композитор әрі саксофоншы. Біздің қаламызға келгеніне өте қуаныштымын.

– Концерт көңілімнен шықты. Рэй Блуге алғыс айтқым келеді. Тамаша әсер алдық. Қаламызға осындай атақты жандар жиі келіп тұрса екен деймін.

Бұл концерттен кейін өнер иелері елордаға аттанды.

 

 

Молдир Макишева