Аптадағы маңызды жаңалықтар

Оқушылар сарайының құрылысы аяқталуға жақын

Қаламызда бой көтеріп жатқан Оқушылар сарайының құрылысы 90 пайызға аяқталды. Қазіргі уақытта іске жауапты мамандар ішкі әрлеу мен сыртқы абаттандыру жұмыстарының қалған бөлігін атқарып жатыр. Бұдан бөлек, нысанның Аи ти кабинеттеріне шет елдерден жеткізілген соңғы үлгідегі қондырғылар да орнатылуда.

– Жас өркен ауданында тұрғызылып жатқан Оқушылар сарайының құрылысы жақында аяқталады. Нақтырақ айтатын болсақ, дәл қазіргі уақытта мамандар сыртқы жұмыстарды 95 пайызға тындырып қойыпты. Олар жарық бағаналарын орнатқан, асфальтпен кеспе тастарды да төсепті. Енді, бұл маңда автотұрақпен абаттандыру жұмыстары жасалатын болады.

Нысанның сыртынан бөлек ішінде де қызу қарбалас. Мұндағы құрылысшылар әрлеу жұмыстарын атқарып жатыр. Әсіресе, іске білек сыбана кіріскен мамандар 2-ші қабаттағы конференция залын талапқа сай етуде. Олар еденге паркет төсеп, қабырғаларды әктеуге кіріскен. Айта кетейік, дәл осы жерде Қазақстан мен Ресей елдерінің өңіраралық ынтымақтастық форуымы кезінде, қос мемлекеттің Президенттері жиын өткізеді. Сол себепті аумағы 1200 шаршы метрді құрайтын кең бөлменің сәні мен салтанаты жарасуы тиіс.

Жомар Қарсақбаев – «BI Civil Construction» ЖШС жоба жетекшісі:

– Біздің сол жағымызда видео қабырға болады. Ал, қарама-қарса бетте 2 лэд-экран орнатылады. Жалпы, бұл жер 80 орынға шақталып жасалып жатыр. Негізінен қазіргі күні нысанның ішкі әрлеу жұмыстары 90 пайызға аяқталып тұр. Енді, аз уақыттан соң барлық шаруаны аяқтайтын боламыз.

Мұнда конференция залынан бөлек, коворкинг аумағы, кино студиясы мен 25 бірдей it кабинеті болады. Соңғысында қазір шетелдік мамандар жұмыс істеп жатыр. Нақтырақ айтатын болсақ, бөлмелерге Армения, Ресей, АҚШ және Италия мемлекеттерінің азаматтары соңғы үлгідегі қондырғыларды орнатуда. Мәселен, мына электротехника және электромеханика сыныбына заманауи 12 құрылғы қойылыпты.

Айдар Әлімбаев – «BI Civil Construction» ЖШС инженер-іске қосушысы:

-Бұл бөлмеге америкалық “National instruments” компаниясының қондырғылары әкелінді. Солардың бірі мына – үш фазалық шынжыр бойынша лабораториялық стенд. Онда жастар үш фазалық шынжырдың қыр-сырын зерттей алады. Кейін, білген-түйгендерін өздерінің ой өрістеріне бойланысты тәжірибе жүзінде іске асырады. Мәселе, осы жерден алған білім арқылы түрлі желілерді іске қосуға, қиялындағы тетіктерді жасауға болады.

Бөлмедегі әр қондырғының жанында лабораториялық практикум мен ноутбук бар. Міне, осы арқылы жастар түрлі дүниелерді іске асырмақ. Негізі нысанның it кабинеттеріне қажетті қондырғылардың барлығы шет елдерден әкелініпті. Оларды сатып алуға 1,9 млрд теңге жұмсалған екен. Нысанның 1-ші қабатында да жұмыс бітуге жақын. Онда вакуумдық кинотеатр, террариум болады. Жалпы, “Оқушылар сарайының” құрылысы толығымен қазан айының басында аяқталмақ.

Култанов Байболат