Ауыл шаруашылығы

Өңірде орақ науқаны жалғасуда

Солтүстік Қазақстанда орақ науқаны жалғасып жатыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының соңғы мәліметіне сүйенсек, теріскейлік дихандар 2 млн гектар жердегі астықты дақылдарды құлатыпты. Бұл барлық алқаптардың 74,3%.

Оған қоса жерлестеріміз аталған ырыздық түрінің жартысынан астамын дестеге түсірген. Істі атқару жөнінен уәлихановтықтар алда келеді. Ал тайыншалықтар әзірге алқаптардың жартысынан аз бөлігіндегі алтын дәнді ғана жинап үлгерген. Өңірдегі орташа гектар берекелігі – 15,3 центнерден айналуда. Жалпы, қазіргі таңда өңіріміздегі қоймаларда шамамен 2 миллион 800 мың тонна астық сақтаулы тұр. Жергілікті агрокәсіпкерлер майлы дақылдар егілген танаптың 3-тен 1 бөлігінен астамындағы өнімді құлатқан. Мұндағы орташа шығымдылық 8,7 центнерді құрайды. Дегенмен, майлы дақылдарды жинаудан тайыншалықтардың қарқыны төмен. Аталған өлкенің шаруалары өнімнің тек 18% қамбаға құйыпты. Тимиярязев ауданының дихандары болса, ырыздықтың 66 процентін жинап алған.

Култанов Байболат