Бизнес және экономика

Теріскейде жеке ісін ашуға ниетті жерлестеріміздің қатары артқан

Мемлекеттен кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау өз жемісін беріп келеді. Жыл басынан “Бастау Бизнес” жобасы арқылы 237-і жерлесіміз жеке ісін ашқан. Ал қаржы институттарының несиелендіру көрсеткіші бойынша өлкеміз республикада 4-ші орынға тұрақтаған.

“Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасында қарастырылған “Бастау Бизнес” жобасының елімізде іске қосылғанына 2 жылдың жүзі. Бастама өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған және жұмыссыз жүрген тұрғындарды қолдауға бағытталған. Биыл кәсіпкерлік негіздерін 1980 жерлесіміз меңгеруі тиіс. Бүгінде қолдарына сертификаттарын алып үлгерген теріскейліктердің 237-іне қаржы ұйымдары қолдау көрсеткен.

Дархан Қалиев – СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Қаржыландырылған бизнес-жобалардың дені ауыл шаруашылығы саласына тиесілі. Олар мал шаруашылығы, ет-сүт өнімдерін шығару мен бау-бақша өнімдерін өсіруге қатысты шағын кәсіпкерлер. Қалғаны қызмет көрсету, жиһаз шығару, көлік жөндеу станциясы, сән салоны және азық-түлік дүкендерінің еншісінде. Былтыр бағдарлама шеңберінде жеке ісін дөңгелетуге құлықты 937 солтүстікқазақстандықтың, 160-ы қаржы институттарынан заем алды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық бөлімшелері де кәсіп ашамын дегендерге жан-жақты көмек беріп келеді. Көбіне жерлестеріміз ісін дөңгелету үшін көмекті “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау” қорынан сұрайтын көрінеді. Қаржы ұйымының жергілікті филиалының директоры Абылай Нұркенов биыл осы мақсатқа 1,2 млрд теңге бөлінгенін айтады. Көрсеткішті жақсартып, жұмысты ширатуға ел бюджетінен қосымша 600 млн. теңге берілмек. Мемлекет көмегіне иек артып, бүгінде жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі – Ризагүл Тәшімова. Кәсіпкер Ақжар ауданының Талшық ауылында тұрмыстық қалдықтарды қабылдап-сұрыптайтын шағын цех ашыпты. Қазір жаймен еңсесін тіктеп келеді.

Ризагүл Тәшімова – “Тәшімова” ЖК директоры, Ақжар ауданы:

– Қалдықтарды кәдеге жарату бизнесін бұрыннан ашқым келген еді. Алайда, оған менде қаржылық жағдайым да, осы іске қажетті білімім де болмады. Атамекен кәсіпкерлер палатасындағы оқыту курстарының арқасында біраз мағлұмат алдым. Сертификатқа да қол жеткіздім. Маған мамандар жобаны жүзеге асыруда жақсы көмек көрсетті. 1 млн 360 мыңға цехқа қажетті қондырғылар мен қосалқы саймандар сатып алдым.

Брифингте тағы “Аграрлы несие корпорация” АҚ СҚ-дағы өкілдігінің атқарған істері бойынша есеп тыңдалды. Аталмыш ұйым да жергілікті жердегі серіктестік, компанияларды қаржыландырумен айналысадыӘсіресе облыс аудандарында аталған кредиттік серіктестікке жүгінушілер саны артқан.

Алмат Қожахметов – “Аграрлы несие корпорациясы” АҚ СҚОФ директоры:

– Негізінен заемшылар кәсіп ашуға не болмаса шығаратын өнім көлемін арттыру үшін қаржы алады. Біздің клиенттерге қояр бірқатар талабымыз бар. оларды орындаған өтініш беруші 500 мыңнан 12 млн. теңгеге дейінгі несиеге қол жеткізе алады. Заем жылдық 6 пайызбен 5-7 жылға дейін беріледі.

Облыстағы қаржы институттарында кәсіпкерлерден өтініш қабылдау жыл соңына дейін жүргізіледі. Жиында СҚ облысы заем беру көрсеткіші бойынша өзге өңірлерді артта қалдырып, 4-ші орынға тұрақтағандығы мәлім болды.

 

 

Бахыт Садвокасов