Қоғам

Облыс орталығында Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Петропавлда аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облысымыздың 13 ауданынан келген ұйымдардың өкілдері қатысты. Олар көрме ұйымдастырып, әріптестеріне өздеріне жасаған қолөнер бұйымдарын ұсынды. Сондай-ақ, щара барысында өткен жылы атқарылған жұмыстарға есеп беріліп, алдағы жоспар мен өткізілетін іс-шаралары талқыланды.

Аққайың ауданы Астраханка ауылындағы Аналар кеңесінің құрылғанына 3 жыл болыпты. Оған елді-мекеннің 8 тұрғыны мүшелік етеді. Ұйым өкілдері көмекке мұқтаж аналармен және балалармен жұмыс істейді. Ал, бүгін олар жиналғандарға ауылдағы үйірмеде жасалған қолөнер бұйымдарын ұсынды. Көрмеге қойылған заттардың арасында құрақ көрпелер, сандық, той бастар мен қазақтың ұлттық киімдері жайғасқан.

Сәуле Қасымова – Аққайың аудандық аналар кеңеісінің мүшесі:

– Біздің ұйым аналарға және балаларға көмек көрсетеді. Олармен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ, үйірмеде көрпе тігуді, түрлі бұйымдарды жасауды үйретеміз.

Бүгінгі шараға облысымыздың 13 ауданынан келген аналар кеңесінің өкілдері қатысты. Баршасы аққайыңдық әріптестері сияқты қолөнер шеберлері жасаған түрлі бұйымдарды ала келген. Сондай-ақ, жиында қазіргі қоғамдағы аналарды алаңдататын отбасылық мәселелер талқыланып, тың идеялар айтылды. Жалпы, бүгінде облыс бойынша 500-ден астам мүшесі бар 38 аналар кеңесі жұмыс істеп келеді.

Күлімкөз Смаилова – Облыстық ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрайымы:

– Аналар кеңесі елбасымыздың бастауымен 2014 жылы құрылған болатын.Қазіргі таңда елімізде 100-ден астам ұйымдар бар.

Шара соңында аналар кеңесі мүшелерінің осы күнге дейін атқарған жұмыстары ескеріліп, оларға мақтау қағаздары табысталды.

Молдир Макишева