МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік қызмет істері органдарына – 20 жыл

Биыл еліміздегі мемлекеттік қызмет істері жөніндегі органдардың құрылғандығына тура – 20 жыл толып отыр. Мерейлі датаға орай Петропавлда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Алқалы жиынға Қазақстанның бірқатар өңірлері және Ресей Федерациясынан келген мамандар қатысы.

1998 жылдың 18-ші қыркүйегінде елімізде Президенттің бұйрығымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі құрылды. Сол жылдары бұл саладағы жауапты жұмысқа жүздеген мың қазақстандық алыныпты. Бүгінгі таңда олардың саны 92 мыңнан асады.

Елена Степаненко – ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Осыдан 20 жыл бұрын мамандар жұмысқа конкурстық іріктеусіз алынатын. Тіпті, сол кезеңде жоғары білімі жоқ жандар да басшылық қызметке сайланды. Ал, 1999 жылы елімізде «Қазақстан-2030» стратегиясына сәйкес ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы қабылданды. Міне, осы өзгерістің арқасында мамандар жұмысқа заңнаманы білу жөнінен тест тапсыру арқылы алынатын болды. Ал арнайы лауазымдарды иелену үшін квалицикациялық талаптар ескерілді.

Осындай қатаң талаптардың арқасында жұмысқа тек білімді де білікті жандар алына бастады. Олар ілкімді іс атқарып, елдегі мемлекеттік қызметтің деңгейін көтерді. Бұған келтірер дәлел де бар. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын Қазақстан “үкіметтің тиімділігі” санаты бойынша әлемде 154-ші орында тұрыпты. Ал, қазіргі таңда Дүниежүзілік банктің есебіне сәйкес 89-шы сатыға жайғасқан. Бүгін ұйымдастырылып отырған алқалы жиында осы жетістіктер сөз болды. Алдағы жоспарлар жайы да қаузалды. Соның бірі – саланы заман игіліктерінің көмегімен дамыту болып табылады.

Саян Ахметжанов – ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аппарат басшысы:

– Біздің мақсатымыз – инновациялық жолмен даму. Қазір елімізде “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасы бар. Соның ішінде сандық мемлекеттік қызмет жүйесі еншізілуде. Осы жүйе арқылы мемлекеттік қызметке кіру, мансапты сатымен өсу және басқада қатынастарды дамытқымыз келеді.

Айта кетейік, “Мемлекеттік қызмет жүйесінің генезисі мен даму болашағы” атты халықаралық жиынға Ресей Федерациясының өкілдері де қатысты. Олар мамандарды оқыту, қайта даярлау жайын әңгімеледі. Одан бөлек, өздеріндегі жұмыс тәжірибесімен бөлісті.

Светлана Обухова – Омбы облысы Губернаторы аппаратының азаматтық және муниципалдық қызметін дамыту басқармасының кадрларды дамыту және кадр резервін жүргізу бөлімінің басшысы:

– Бізде Омбы облысының губернаторық жастар резерві бар. Ол жерде таудай талапты 22 жас қызмет етеді. Нақтырақ айтсам, ұл-қыздар түрлі іс-шаралар өткізеді, сыбайлас жемқорлықтың маңызын түсіндіреді. Бұл мамандар жұмысқа ашық түрде өткізілген конкурс арқылы алынды. Осылайша, олар өздерін мемлекеттік қызметші ретінде әзірлеп жатыр.

Жиын түстен кейін де жалғасын тапты. Онда дөңгелек үстел ұйымдастырылып, қатысушылар мемлекеттік қызметтің заңнамалық негіздерін талқылады.

Култанов Байболат