МТРА жаңалықтары

Президент бастамаларының жүзеге асуы бақыланды

Өңірімізге жұмыс сапарымен “Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыруды ба­қылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері келді. “Нұр Отан” партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев пен ҚР блогерлер Альянсының жетекшісі Ғалым Байтұқ облыста “7-20-25” бағдарламасының жүзеге асуы, шағын несиелердің берілумен танысып, білім гранттарына ие болған студенттермен кездесті.

Алдымен “Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» ба­қылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері Жас Өркен ауданында болды. Мұнда елордалық меймандар 332 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысымен танысты. “Основание” серіктестігінің мамандары нысанда өткен жылдың тамызынан жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда істің біраз бөлігі тамамдалған.

Сергей Тимофеев – “Основание” ЖШС директоры:

– Нысанның жалпы құны 3,6 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда бұл ақшаның 2 млрд-тан астамын игеріп қойдық. Жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Бұл ғимаратта пәтерлерден бөлек, 88 орынға шақталған қос шағын орталықта болады. Көпқабатты үйді келер жылы тапсыруды жоспарлап отырмыз.

Әңгіме барысында Нұр Отан партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев пен ҚР блогерлер Альянсының жетекшісі Ғалым Байтұқты өңіріміздегі жалпы құрылыс жұмыстары қызықтырды. Әсіресе, меймандар Елбасының «7-20-25» бағ­дар­ламасының жүзеге асыру барысын сұрады. Бұл сауалға жауап берген қала әкімі Марат Тасмағанбетов тың жоба аясында теріскейде аудымды жұмыс тындырылатындығын жеткізді.

Марат Тасмағанбетов – Петропавл қаласының әкімі:

– Мына баспананың қасында 324 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Ондағы пәтерлерді тұрғындар «7-20-25» бағ­дар­ламасы аясында ала алады. Нысан жобаның барлық талаптарына жауап беретін болады.

Жалпы, биыл Петропавлда «7-20-25» бағ­дар­ламасы арқылы 7 көпқабатты үйді тапсыру көзделген. Бұдан соң, қонақтар Қызылжар ауданына қарасты Подгорное елді мекеніне барды. Мұнда Байрас ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Марат Мусин тұрады. Кәсіпкер былтыр мемлекеттің көмегімен кәсібін кеңейтіп алыпты.

Марат Мусин – “Байрас” АШК төрағасы, Қызылжар ауданы:

– Былтыр Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 10 млн. теңге рәсімдедім. Ол ақшаға сүт таситын машина мен ақты салқындатқыш қондырғы алдым. Биыл тағы 10 млн теңгеге өтініш бердім. Қаржыға мал сатып алғым келеді.

Кәсіпкер маңайдағы 6 ауылдан ақ жинайды. Кейін, оны облыс орталығындағы Сүт зауыты серіктестігіне өткізеді. Биыл 800 тонна өнім өткізу жоспарланыпты. Кейін, республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ бас сұқты. Олар оқу ордасында Елбасының 3-ші бастамасы аясында білім гранттарын иеленген жастармен кездесті.

Серік Өмірбаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:

– Биыл біздің университетке “Мәңгілік ел жастары индустрияға” жобасы аясында 500 студент грантқа түсті. Тағы, жергілікті 300 балаға квота бөлініп, олар да тегін білім алу мүмкіндігін иеленді. Биыл Елбасы қосымша 20 мың грант бөлген болатын. Оның шамамен 400-ге жуығы бізге бөлінді.

Қазір Президентің қосымша грантын иеленген ұл-қыздар қара шаңырақта сапалы білім алып жатыр. Оларға құрметті қонақтар өздерінің ұсыныс-тілектерін де жеткізді.

Ғалым Байтұқ – ҚР блогерлер Альянсының президенті:

– Бұл университет беретін білімнің сапасы өте жақсы. Оны мен сеніммен айта аламын. Себебі өзім осы жерде оқыдым. Сіздер мұнда алған білімдеріңізді қолданып, облыстың дамуы жолында қызмет етулеріңіз керек.

Кейін, университет қабырғасында астаналық меймандардың қатысумен жиын өтті. Шарада алдымен өңірімізде Президенттің 3-ші бастамасын жүзеге асыру кеңінен қаузалды. Әсіресе, жиында жергілікті оқу ордасындағы жатахана тапшылығы талқыланды. Қазіргі таңда 2 мыңнан астам ұл-қызға жатын орын қажет. Бұл мәселені шешіп, білім алуға жағдай жасау үшін келер жылы қаламызда 1200 орынға арналған нысанның құрылысы басталады. Тағы, бүгінгі күні №3 шәкірттер үйіне күрделі жөндеу жасалып жатыр. Бұдан бөлек, өлкедегі қалған колледждерде де жатахана жетіспейді екен.

Гүлмира Кәрімова – СҚО білім басқармасының басшысы:

– Колледжерде жатахана мәселесі өте өзекті болып тұр. Петропавлда 7600-ден аса студент оқиды. Олардың жартысынан астамы аудан, ауылдан келіп білім алып жатыр. Бұл ұл-қыздардың тек 1500-і ғана жатақханамен қамтылған. Проблеманы шешу үшін тағы 3 жатахана тұрғызу жоспарланып отыр.

Сөз барысында Нұр Отан партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев облыс орталығындағы жатахана мәселесін шешу үшін колледждерді аудандарда ашу керек деген ойын да білдірді. Сонда ауылдардың жастары қалаға ағылмай, өздерінде білім алмақ. Жалпы, мейман теріскейде Президент тапсырмасы аясында атқарылып жатқан жұмысқа көңілі толатындығын жеткізді.

Қаныбек Жұмашев – Нұр Отан партиясының хатшысы:

 – Атқарылған істер бар. Оны біз өзіміз байқап отырмыз.

Жиын соңында қатысушылар “7-20-25” бағдарламасына да тоқталды. Әсіресе, елордалық меймандар бұл жобаның барысын ауылдағы ағайынға жеткізу керектігін қаперге салды.

Култанов Байболат