Спорт

Петропавлдықтар спорттық биден өткен Азия чемпионатының жеңімпазы атанды

Гон-Конгта өткен спорттық биден Азия чемпионатының жеңімпаздары бүгін өңірге оралды. 24 мемлекет қатысқан біріншілікте теріскейлік Кирилл Новиков пен Ярослава Кузнецованың жұбы топ жарып, өз категорияларында жүзден жүйрік атанды.

Темір жол вокзалының 1-ші платформасында тұрған мына жандар жеңімпаздарды күтіп тұр. Бірер минуттан соң осы жерге спорттық биден Азия чемпиондары мінген пойыз келіп тоқтайды. Халықаралық додада топ жарған теріскейлік бишілерді туған-туыстары, достары және жаттықтырушылары қарсы алуда.

Юлия Ширина – Savancer хореографиялық мектебінің жаттықтырушы:

– Бұл чемпионатқа 1,5 айдай дайындалдық. Негізі осы дүбірлі додаға барамыз деп ойлаған жоқпыз. Алайда, бишілеріміз қатысып қана қоймай, жоғары нәтиже көрсетіп, 1-ші орыннан көрінді. Сол үшін қуаныштымын. «Савансер» хореографиялық мектебінде чемпионаттың жеңімпаздары Ярослава 10 жылдай, ал Кирилл 7 жылдан астам уақыт жаттығып келеді.

Спортшылардың сөзіңше, 24 елден келген бишілерімен сынға түсу оңай болмаған. Дегенмен, еуропалық бағдарлама бойынша 5 би билеген теріскейліктер Азия чемпиондары атанды.

Кирилл Новиков:

– Чемпионат жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Маған барлығы ұнады! Жеңімпаздарды анықтаған кезде, бізді атады. Алдымен, таңырқап, жеңісімізге біраз сене алмай тұрдық. Сайыс аяқталған соң, келесі күні тайфун басталды. Қорқыныш сезімі әрине болды, дегенмен, іс-сапарымыз қызықты өтті.

Айта кету керек, турнирде теріскейлік бишілермен қатар, алматылық би ұжымдары да 4 сингл бойынша 4 алтынды еншілеп оралған. Ал, жерлестеріміз 18-35 жас аралығындағы бишілермен бәсекелесіп, 2 сингл бойынша жоғары нәтиже көрсете алды.

Ярослава Кузнецова:

 – Кирилл екеуіміз 1 жылдай бірге билеп келеміз. Азия чемпионатындағы баяу және Вендік вальсіміз әділ қазылар алқасының көңілінен шықты. Осылайша, біз 1-ші орыннан көріндік.

Ендігі кезекте, спортшылар әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл турнир қараша айының соңында Австрияның Астанасы Венада өтпек.

Альмира Жетписбай