Құрылыс

Петропавлда Қожаберген жыраудың ескерткіші орнатылып жатыр

Облыс орталығында қолбасшы әрі жырау Қожаберген бабамыздың 12 метрлік ескерткіші бой көтеруде. Тарихи тұлғаның 355 жылдық мерейтойына арнайы әзірленген монумент қазан айының басында салтанатты түрде ашылады.

Саят Ермек – тілші:

– Енді Петропавл тұрғындары мен қонақтарын қалаға кіре берісте Дауылпаз баба – Қожаберген жыраудың мынадай алып ескерткіші қарсы алатын болады. Нысанның жалпы биіктігі 12 метрден асып жығылады. Ескерткіштің өзі таза қоладан жасалған. Оның биіктігі 5,5-6 метрді құрайды. Астындағы негізі бетоннан құйылған. Ал сырты Қордайдан келген қазақстандық сапалы гранитпен қапталуда.

Оңтүстік астанадан жеткізілген 6 тонналық монументтің қалалықтар үшін жақсы сыйлық болары анық. Оны орнату жайлы идея осыдан екі жыл бұрын туған екен. Ұсынылған жобалардың ішінен жергілікті архитекторлардың таңдауы осыған түскен. Жерлес батыр әрі жырау сенімді тұлпарының үстінде отыр, бір қолында қазақтың қара домбырасын ұстаған. Алайда, салтанатты ашылу сәтіне дейін композиция ақ матамен жабылып тұрады.

Досбол Әбдірейісов – СҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқарамсы басшысының орынбасары:

– Бұл ескерткіш Н.Назарбаевтың “Рухани жаңғыру” бағдарламасы және Қожаберген жыраудың 355 жылдық мерейтойына орай орнатылмақ. Оның авторы белгілі мүсінші, жерлесіміз – Қазыбек Сатыбалдин.

Монументті орнату шаруасы “КАСТАКС” серіктестігіне сеніп тапсырылған. Айтпақшы, бұл алматылық компанияның Қызылжардағы алғашқы жобасы емес. Бұған дейін “Кастакс” Абай мен Пушкин ескерткішін және Бәйкен Әшімовтың бюстін орнатқан. Ал Қожабергеннің монументін бірер аптадан соң аяқтамақшы.

Сарқыт Салханов – “КАСТАКС” ЖШС жұмысшысы:

– Жұмысты шамамен екі ай бұрын бастадық. Ауа-райының қолайсыздығынан біраз қиындық болды. Қазір жұмыс қалыпты жүріп жатыр. Айдың аяғына дейін бәрін тәмамдамақшымыз.

Қазір бұл учаскеде жұмыс қызу жүріп жатыр. Ескерткіш орнатудан бөлек мұнда айналмалы жол жөнделіп, жарық бағандарын алмастыру шаруасы қатар атқарылып жатыр.

 

 

Саят Ермек