Бизнес және экономика

Онлайн режимінде жұмыс істейтін кассалық аппараттар

2015 жылдан онлайн режиміндегі кассалық аппараттар 2700-ге жуық кәсіпорында қолданылып келе жатыр. Ал, 1-ші қазаннан бастап бұл тізім кеңейе түседі. Енді, аталған құрылғылар тағы қосымша 17 қызмет түрі бойынша бірнеше нысанда міндетті түрде орнатылулары тиіс.

“Ока” серіктестігі онлайн режиміндегі кассалық аппараттарды осыдан 3 жыл бұрын орнатқан екен. Бұл біз үшін өте ыңғайлы дейді серіктестіктің менеджері Екатерина Павальева. Себебі, барлық қызметтер онлайн түрде жүргізілгендіктен, бұрынғыдай кассалық кітаптарды толтырудың қажеті туындамайды. Бұл кәсіпорын жұмысшыларының уақытын әлдеқайда үнемдейді.

Екатерина Павельева – “Ока” ЖШС менеджері:

– Бұрын біз кассалық кітаптарды толтырып қиналатынбыз. Яғни, оларды жүргізген уақытта, қателіктер кетіп жататын. Оны қайта дұрыстауға мүмкіндік берілмейді. Есеп-қисап сәйкес келмесе, айыппұл да салынатын. Ал, қазір барлығы онлайн режимінде жүргізіледі. Бұл біздің жұмысымызды біраз жеңілдетті.

Елімізде онлайн тәртіпте жұмыс істейтін бақылау-кассалық машиналары 2015 жылдан енгізілген болатын. Сол уақыттан бері бұл құрылғылар 10 түрлі кәсіпкерлік нысандарында қолданып жүр. Ал, осы жылдың 1-ші қазанынан өз саудаларын онлайн режимінде тіркеуге міндетті кәсіпкерліктердің тізімі кеңейеді.

Дастан Айсин – Петропавл қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы бөлімінің бас маманы:

– 2018 жылдың 1-ші қазанынан бастап ҚР-ның қаржы министрлігінің қаулысына сәйкес, бақылау аппараттары тағы 17 түрлі кәсіп иелерін қамтитын болды. Дәлірек айтсақ, олар ақша айырбасы, жарнама агенттіктері, сауда-саттық, азарттық ойындар мен дәрі-дәрмек тауарларын сату орындарында орнатылулары тиіс. Осылайша, қызмет көрсетілгеннен кейін барлық мәліметтер онлайн түрде фискалды мәліметтер орталығына жіберіліп тұрады.

Қазіргі таңда аталған аппараттарды өңірдегі 2643 кәсіпкерлік нысаны қолданып жүр. Олардың бағасы түрлеріне байланысты 60 мыңнан 85 мыңға дейін жетеді.

– Онлайн режиміндегі кассалық аппараттарды орнатпаған кәсіпкерлерге бірінші рет ескерту жасалады. Олқылық қысқа уақыттың ішінде түзетілмесе, олар 15-тен 30 айылық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейтін болады. Бұл шамамен 36 мың мен 120 мың теңгенің арасы.

 

 

Молдир Макишева