Қайырымдылық

Петропавлда “твори добро”атты қайырымдылық жәрмеңкесі өтті

Жексенбі күні сити-молл сауда орталығында қайырымдылық жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл шара науқас балақай – Расул Нұржанның денсаулығын түзетуге қажетті қаражат жинауға бағытталды. Расулдың болашығы үшін алаңдаған жерлестеріміз жәрмеңке барысында түрлі заттарды сатып алып, аукционға қатысты.

Ойыншықтар, киім-кешектер мен тәтті тағамдар. Осылардың барлығы 4 жасар Расул Нұржанға қаржылай көмек көрсету үшін сатылып жатыр. Петропавлдықтар мұндай акциялардың талайына қатысқандықтан, бұл жолы да жомарттық танытып, балғынның жазылып кетуіне септігін тигізбекші. Олардың бірі – Жұлдыз Садуова. Нәзікжанды бұл жәрмеңкеге деп үйінен ыстық тағамдар мен тәттілер әзірлеп әкеліпті.

Жұлдыз Садуова :

– Бүгінгі жәрмеңкеге мен кондитерлік тәттілер, ыстық тағамдар – манты, голубцы дайындадым. Осы шара жайлы таныстарымнан білдім. Бүлдіршіннің жағдайын естіп, жаным ашыды. Өзімізде де бала бар, мен анамын, сондықтан да осындай іс-шараны қолдаймын.

Еске сала кетсек, Расулдың жүйке жүйесі зақымданған. Қазір балғын ата-анасымен бірге Германияда ем-дом қабылдауда. Оның барлық еміне 115 мың еуро қажет екен. 40 мыңың тырнақтап жиған ата-ана қалған 75 мың еуроны жинау үшін әлеуметтік желілелер арқылы отандастарымыздан көмек сұраған. Теріскейліктер қайырымлық жәрмеңкесін 2 – ші рет ұйымдастырып отыр.

Диляра Кәрімсанова – «Твори добро» қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырушы:

– Бүгінгі жәрмеңке жерлесіміз Расул Нұржанға арналады. Жерлесіміз қазір Германияда ем алып жатыр. Оның емделуіне қомақты қаражат керек. Бала біздің көмегімізге зәру. Бүгінгі жәрмеңкеге 50-ден астам демеуші ат салыспақшы. Барлық тауарлардың бағасы арзандатылып сатылады.

Бұл күні сауда орталығына келгендер де ақциядан шет қалмады. Олар да қайырымды іс жасап, ұнаған тауарларды сатып алып жатыр. Шара аяқталысымен, жәрмеңкеде жиналған қаржы есептеліп, Нұржановтар отбасысының шотына аударылады.

Жанна Дукетбаева:

– Жерлестеріміздің жанашырлық танытқаны, жомарттығы қуантады. Мен де бұл жәрмеңкеден бірнеше зат сатып алдым. Бүгінгі акцияда жиналған ақша баланың жазылып кетуіге септеседі деп сенемін. Бұл шара бүлдіршіннің өмірі үшін алаңдаулы жандардың көп екенін дәлелдеді.

Расул Нұржанға арналған қайырымдылық жәрмеңкеде аукцион да ұйымдастырылып, теріскейлік ұжымдар концерттік бағдарлама ұсынды.

Альмира Жетписбай