Спорт

Петропавлда 3*3 форматында баскетболдан облыстық турнир өтті

Демалыс күндері Петропавлда 3*3 форматында баскетболдан облыстық турнир өтті. Додада 200 команданың ішінен іріктелген 12 құрама бақтарын сынап, өзара мықтыны анықтады.

Бұл форматтағы ойын айналмалы жүйе бойынша өтеді. Әр құрамадағы 3 баскетболшы 15 минуттық додада сынға түседі. Облыстық турнирдегі барлық кездесулер тартысқа толы болды. Әсіресе, бірінші орын үшін таласқа түскен петропавлдықтар мен тайыншалықтар көрерменнің делебезін қоздырған ойын көрсетті.
Жалпы, кездесулер 3 жас аралығында, қыздар және ерлер құрамаларының арасында өтті.

Павел Антоненко – жарыстың бас төрешісі:

– Аталмыш турнир игі дәстүрге айналған. Жыл сайын өңір баскетболшылары өзара мықтыны анықтайды. Бұл жолы іріктеу кезеңіне 200-ге жуық құрама қатысқан болатын. Алайда, тек 12 команда ақтық сынға өтті. Айта кету керек, Тайынша ауданының командасы мықты құрамалардың бірі саналады. Олар жылда жүлделі орындарға ие болады. Осы жолы да баскетболшылардың мықтап дайындалғаны көрініп тұр. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады.

Альмира Жетписбай