МТРА жаңалықтарыҚұрылыс

Петропавл темір жол вокзалы жөнделіп жатыр

Тар баспалдақтар, ескірген орындықтар – бүгінде Петропавлдың темір жол вокзалы қала тұрғындары мен қонақтарын жайлылығымен қуанта алмайды. Алайда, қазір “Ресей темір жолдары” акционерлік қоғамы маңызды нысанды жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл үшін компания 1 млрд теңгедей қаржы бөлген.

Айта кеткен жөн, мұндай ауқымды жаңғырту жұмыстарын Петропавл темір жол вокзалы 1966 жылдан, яғни қабырғасы қаланғалы көрмеген. Қазір ғимараттың қасбеті әрленіп жатыр. Қабырғалары сары-қоңыр гранит тақтайшалармен, шатыры әдемі черепица, ал терезелері декоративті әйнекпен қапталуда. Бұдан бөлек төбеге әдемі күмбез орнатылады. Шаруаны екі бірдей жергілікті мердігер компания атқарып жатыр. Жұмыс қарашаның соңында аяқталуы тиіс.

Гаспар Сакунц – “Гегарт” ЖШС директоры:

– Құрылыс материалдары жеткілікті, сапасы жоғары. Олар Иран елінен және Түмен қаласынан жеткізілді. Қазір учаскеде 10 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Ауа-райы мүмкіндік берсе, айдың аяғына дейін ғимараттың оң қанатын бітіреміз. Ал, сол қанатындағы жұмыстарды қазанның аяғы не қарашаның басында тәмамдамақшымыз.

Саят Ермек – тілші:

– Вокзалдың алдындағы шағын алаңқайды да бірнеше оң өзгеріс күтіп тұр. Мәселен, шарбақтан бастап ғимараттың кіре берісіне дейін су жаңа қосымша ғимарат бой көтермекші. Оның ішінде екі эскалатор орналасатын болады. Осылайша жолаушылар өздерін де, өздерінің жүктерін де еш қиындықсыз үшінші қабатқа, күту залына, көтеріп түсіре алады.

Ең бастысы – жайлылық пен ыңғайлылық. Жолаушылар сөмкелерін тар баспалдақтар арқылы сүйремес үшін эскалаторлардан бөлек вокзалда бір уақытта адамдарды да, олардың жүктерін де тасымалдай алатын үш бірдей лифт орнату көзделген. Біреуі үшінші қабатқа апарса, екеуі азаматтарды темір жол конкорсына жеткізетін болады. Әбден ескірген күту залы да жаңартылмақ. Ондай орындардың саны енді екеу болады деп жоспарланып отыр.

Станислав Таратуто – “Ресей темір жолдары” ААҚ Петропавлдық бөлімінің инвестициялық секторының жетекші инженері:

– Бірінші күту залы вокзалдың батыс қанатында орналасады. Онда қала маңы бойынша қатынайтын жолаушылар өз транспортын күтеді. Ал алыс сапарға аттанатын азаматтарға арналған зал бірінші қабатта жайғаспақ. Тағы көзі нашар көретін жандар үшін арнайы жолақтар төсейміз. Үшінші қабатқа жайлы дивандар қойылады. Сондай-ақ қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлмекшіміз. Бір сөзбен айтқанда, бәрі жолаушыларға ыңғайлы етіп жасалады.

Тек бұл игіліктерді шаһар қонақтары мен тұрғындарына әлі біршама күтуге тура келеді. Себебі, ғимаратты жаңғырту жұмыстары жоспар бойынша 2020 жылы аяқталуы тиіс. Жұмсалатын қаражаттың барлығын “Ресей темір жолдары” акционерлік қоғамы өз қазынасынан бөлген. Жоба құны шамамен бір миллиард теңгені құрайды.

Саят Ермек