Ауыл шаруашылығы

Өңір әкімі орақ барысымен танысты

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Қызылжар және Есіл аудандарына барды. Онда өңір жетекшісі диқандармен кездесіп, орақ барысымен танысты. Дала басында өткен жиында агроқұрылым басшылары науқан барысында туындап жатқан қиындықтарды баяндап, оларды шешуде өңір басшылығының қолдауын сұрады.

Ең алдымен, облыс әкімі Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданына қарасты «Сервис-Жарс» серіктестігінің алқабында болды. Бұл өндіріс ошағы орақ науқанын тамыздың соңында бастапты. Содан бері кәсіпорын дихандары жалпы өнімнің 30 пайызын қамбаға құйып алған. Қазір мамандар мына 2 мың гектар алқапқа себілген бидайды жинап жатыр. Астық берекелігі жаман емес.

Жомар Омаров – «Сервис-Жарс» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Мына алқаптың әр гектарынан 30 центнерден бидай жинап жатырмыз. Өнімге көңіл толады.

Күзгі жиын-терім жұмыстарына бұл серіктестіктің барлық техникасы тартылыпты. Іске қызу кіріскен шаруалар ауа-райы мүмкіндік берсе, орақты 10-12 күннің ішінде аяқтамақ. Жалпы, қазіргі уақытта қызылжарлық дихандар астықты дақылдардың 30% және майлы өнімнің 15 процентін бастырып алды. Биыл аудан кәсіпкерлері соңғы аталған ырыздық егілген аумақ көлемін арттырыпты. Себебі, зығыр мен рапсқа шет елдерден сұраныс жоғары.

Жомарт Омаров – «Сервис-Жарс» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Российские и польские закупщики выходят на нас. Цену предлагают 130 тысяч без НДС, думаю дойдет до 150. Просят заключить договор, но мы ждем, пока соберем всю культуру.


Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Урожайность сколько планируете?
– Думаю по 20 центнеров с гектара возьму.

Бірақ, қазір аграрийлер астықты жоспарға сай жинап жатқан жоқ. Бұған бірінші кезекте, ауа райы кедергі келтіріп тұр. Мәселен, орақ науқаны басталғалы бері өңірімізге 3 айлық мөлшер көлемінде жауын-шашын түсіпті. Мұның салдарынан өнімнің ылғалдылығы жоғары болып тұр. Ал, оны құлатып, қайтадан жинау біраз қаржы мен уақытты талап етеді. Бұл шығынның орнын толтыру үшін облыс әкімі диқандарға қосымша 18 мың тонна жанар-жағар май берілетіндігін жеткізді. Ауданда бұдан басқа да мәселе бар.

Кирилл Митронин – «Митронин» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Біраз жұмысшыларымыз бір-екі апта еңбек етіп, 300-500 мың теңге жалақы алғысы келеді. Кейін, жұмысқа мүлде араласпайды. Ал, ол кісі бізде жұмыс істеп жүргенде жем-азықпен қамтимыз, табысын уақытында төлейміз. Бірақ, сол маман аларын алған соң серіктестіктен шығып кетеді.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Бұл мәселені шешу үшін оңтүстіктен адамдарды көшіріп әкелу керек деп ойлаймын. Қоныстанушыларға үй салып беріп, жұмыспен қамтысаң болды, ешқайда кетпейді. Ісін адал атқарып жүре береді. Еліміздің күнгейінде тұрғын көп. Олардың арасында механизатор да, малшы да, есепші де бар.

Бұдан соң, өңір жетекшісі Есіл ауданына барып, шаруалармен жүздесті. Биылғы көктемде бұл өлкенің кәсіпкерлері 184 мың гектар жерге дәнді, ал 70 мың гектар аумаққа майлы дақыл тұқымдарын егіпті. Әзірге өнімнің жартысына жуығын құлатып қойған. Мұндай ауқымды жұмысты аграрийлер заманауи қондырғылардың арқасында атқарып жатыр. Айта кетсек, үстіміздегі жылы есілдіктер 1,7 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған екен.

Асқар Нұрымов – Есіл аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Сатып алған техникамыз тегеурінді. Олардың жұмысына көңіліміз толып отыр. Жалпы, биыл ауданның диқандары 108 бірлік машина алды. Олардың 15-і – өнімділігі жоғары комбайндар. Жақында тағы 5-еуі алынады.

Құмар Ақсақалов аудан аграрийлеріне автокөлік паркін тағы 6% жаңартуды тапсырды. Әзірге бұл көрсеткіш өңірімізде 1,5 проценттен аспай тұр. Негізінде қазіргі уақытта мемлекет жаңадан техника алуға ниетті жандарға жағдай жасайды. Мәселен, шаруа «СLAAS» маркалы комбайнды рәсімдесе, шығының 35% үкімет есебінен өтеледі. Кездесу барысында өңір жетекшісі ауылдағы ағайынға тұрғын үй салу керектігін де ескертті.

Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:

– Мен тұрғын үй құрылысы бағдарламасы жайлы айттым. Биыл сынама ретінде ауылды жерлерде 100 баспана салыну керек. Жыл сайын нысандардың саны арта бермек. Бекітілген жобаға сай ғимараттың көлемі 90 шаршы метрді құрауы тиіс. Нысанның шатыры черепицадан жасалып, су тартылып, тұрмысқа қолайлы етіп тұрғызылу қажет.

Тағы, кездесуде жерді тиімді пайдаланбайтындардың мәселесі қаралы. Осылайша, «Явленское МТС» серіктестігі өздеріне тиесілі аумақтың бір бөлігінен айрылып қалған. Осының салдарынан ауылдағы ағайын жұмыссыз қалып, өзге елді мекендерге қоныс аударыпты.

Мұратбек Әбішев, Есіл ауданының әкімі:

– Наурызда “Явленское МТС” серіктестігі құрылтайшыларының жиналысы өтті. Сонда бұрынғы қожайындардың шамамен 6 мың гектардан айрылғандығы белгілі болды. Сол себепті азаматтар бұл серіктестіктен кетіп, кейбірі өздерінің шаруа қожалықтарын ашуда.


Құмар Ақсақалов, СҚО әкімі:

– Елбасы отбасылық бизнесті құру қажеттілігін алға тартқан болатын. Бұл кәсіп кейін сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңізге мирас болып қалады. Сондықтан қолда бар жерлерді тиімді пайдаланып, тұрғындардың әл-ауқатын артыру қажет. Ал, көктемде келіп, күзде кететін кәсіпорындардың қажеті жоқ. Мұндай серіктестіктер мүлдем көмектеспейміз.

Дегенмен, Есіл ауданында үлгілі серіктестіктер де бар. Құмар Ақсақалов сондай кәсіпорындардың тәжірибесіне сүйеніп, биыл еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруды тапсырды.

Култанов Байболат