Құқық қорғау органдары

“Борышкер” операциясында 10 млн теңге өндіріліп алынды

10 млн теңге. Өңірдің тәртіп сақшылары “Борышкер” операциясы барысында солтүстікқазақстандықтардан осындай көлемдегі айыппұлды өндіріп алған. Мемлекетке берешек жүргізушілерді анықтауда заманауи құрылғылар септігін тигізген көрінеді.

 

Күн сайын «Борышкер» жедел алдын-алу шарасына 300 полицей ат салысады. Тәртіп сақшылары заманауи құрылғының көмегімен айыппұлын уақытылы өтемегендерді жолдың бойынан ұстап алады. Олардан мемлекет алдындағы берешегін төлеуді талап етеді.

Венера Тайжанова – СҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының аға инспекторы:

– Бүгінде қарызды egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы немесе есеп айырысу кассаларында, ІІ деңгейлі банктерде өтеуге болады. Әкімшілік айыппұлдың сомасын білу үшін жақын маңдағы супермаркеттерде орнатылған терминалдарға барып, жеке сәйкенстендіру нөмірінің көмегімен енгізу қажет.

Осы ретте айта кетейік, заңбұзушылық үшін белгіленген жазаның құнын кешіктірмей төлейтіндерге мемлекет жеңілдіктер қарастырыпты.

Венера Тайжанова – СҚО ІІД әкімішілік полиция басқармасы процессингтік орталығының аға инспекторы:


–  “ІІД “Қазпошта” АҚ-мен борышкерлерге хабарлама жіберу жөнінде келісім жасалды. Ол өз нәтижесін беріп келеді. Өңірімізде берешекті өндіріп алу көрсеткіші едәуір жақсарды. Қарызын 7 күннен асырмай төлегендерге айыппұл сомасының 50 процентін ғана өтеуге болады.

“Борышкер” жедел алдын-алу шарасы өткен үш күннің ішінде солтүстікқазақстандықтардан 1 122 айыппұл өндіріліп алынған. Мемлекет қазынасына аударылған төлемдердің жалпы құны 10 миллион теңгеден асады.

Берік Қасен