МТРА жаңалықтары

Таза ауыз сумен қамтылған елді-мекендердің саны артуда

Таза ауыз суға қол жеткізген елді мекендердің саны артуда. Бүгінде Есіл су кәсіпорны өңіріміздің 215 ауылына тіршілік көзін таратса, солардың төртеуі аталған тізімге жақында қосылыпты. Бұл – Соколов өндірістік учаскесінде жүргізілген қайта құрудың арқасында іске асқан.

 

Эльмира Сәдуақасова – тілші:


– Соколов өндірістік учаскесі Қызылжар ауданына қарасты 17 елді мекенді сумен қамтып отыр. Нысан тәулігіне 2 мың текше метрдей тіршілік көзін ауылды ағайынға таратады екен.

Суды тұрғындарға жеткізу бірнеше кезеңнен тұратын жұмыс. Шаруаның ең алғашқы бөлігі дәл осы нысанда еңсеріледі. Бұл – Қазсушар кәсіпорнына қарасты Соколов өндірістік учаскесінің 1-ші көтерілімдегі сорғы станциясы. Ғимарат осыдан 40 жыл бұрын тұрғызылып, сол уақыттан бері жөндеу көрмеген. Биыл мұнда күрделі қайта құру шарасы жүргізіліпті. Барлық қондырғылар да ауыстырылған. Қазір шаруа автоматтандырылған жүйе бойынша басқарылады.

Асқар Тлеубаев – ҚР АШМ «Қазсушар» ШЖҚРМК «Есіл су» Соколов өндірістік учаскесінің басшысы:

– 2018 жылдың шілде айында Соколов топтық су құбырларының 1-ші кезектегі қайта құру жұмысы өз мәресіне жетті. Бұл мақсатқа Ақбұлақ бағдарламасының аясында 4,5 млрд. теңге қаржы жұмсалған болатын. Соның ішінде 1-ші және 2-ші көтерілімдегі сорғы станциялары толық жаңартылды. Сондай-ақ, 116 шақырымды құрайтын су таратушы желілерін ауыстырдық. Нәтижесінде, Қызылжар ауданының 9 елді мекеніне тіршілік көзін жеткізу жақсартылып, тағы 4 ауыл суға жаңадан қосылды.

Мұнда даниялық «Грундфус» фирмасының 4 сорғысы орнатылған. Алайда, суды Есілден көтеру үшін оның біреуі де жеткілікті екен. Кезек-кезекпен жұмыс істейтін құрылғыларды бір ғана тетікті басып іске қосуға болады. Бұдан бөлек, тағы вакуумдық сорғы бар. Ол – өзеннің деңгейі төмендеп кеткенде ғана қолданылады. Қондырғылардың жағдайын машинистер арнайы монитордан бақылай алады.

Аманкелді Сексембаев – ҚР АШМ «Қазсушар» ШЖҚРМК «Есіл су» Соколов өндірістік учаскесінің сорғы қондырғысының машинисі:


–  Мен сорғы станциясында 5 жыл бойы еңбек етіп келемін. Бұрындары күн сайын қондырғылар мен ысырмаларды өзім ашып, жауып жүретінмін. Қазір, сөзсіз, жұмыс едәуір жеңілдеді.

Сорғылар тәулігіне бар болғаны 10 сағат қана жұмыс істейді. Бұл уақыт Қызылжар ауданын тіршілік көзімен қамтуға қажетті суды Есіл өзенінен көтеруге жеткілікті. Машинистер қондырғыларды Соколов өндірістік учаскесінің 2-ші көтерілімінің бұйрығы бойынша іске қосады. Дәл осы жерде тіршілік көзі бірнеше кезеңдік тазартудан өтеді. Мұнда да биыл тиісті қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліпті. Сондықтан, барлығы компьютердің көмегімен жүзеге асады. Суды фильтірлеу ісі де жеңілдетілген. Оның сапасы кейін лабораторияда тексеріледі. Мамандар әр сағат сайын тіршілік көзінің құрамындағы хлордың көлемін тексеріп, 4 сағатта бір түсі мен лайдың мөлшерін және тәулік сайын кермектілігін байқайды.

Елена Сорокина – ҚР АШМ «Қазсушар» ШЖҚРМК «Есіл су» Соколов өндірістік учаскесінің лаборанты:

– Бізде судың сынамасын алатын 5 нүкте бар. Ең алғашқы үлгіні Есіл өзенінен аққан судан аламыз. Кейін тұндырылған, одан соң фильтрдегі тіршілік көзі мен тазартылғанын тексереміз. Ең соңғы сынама таза су резервуарынан алынады. Бұндай сараптамалар сапаны жақсартып, бақылауда ұстау үшін қажет. Ал, ай сайын елді мекендерде ағатын тіршілік көзін тексеріп тұрамыз. Осылайша, құбырлар арқылы жететін судың жағдайын білуге болады.

Жалпы, биыл Қазсушар кәсіпорны халық игілігі үшін қыруар шаруа атқарған. Мәселен, күрделі қайта құру жұмысы Булаев топтық су құбырларының 1-ші көтерілімдегі сорғы станциясында да орын алыпты. Қазір аталған нысан толық автоматтандырылған жүйе бойынша жұмыс істейтін көрінеді.

Никита Забавин – ҚР АШМ «Қазсушар» ШЖҚРМК «Есіл су» филиалының бас инженері:

– Қазіргі таңда Преснов топтық су құбырларының 1-ші және 2-ші кезегінде қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Шаруа 2014 жылы басталған болатын. Бүгінде 1-ші кезек бойынша 180 шақырым су тарату желілерінің 80 км-і ауыстырылған. Жоба құны -7,8 млрд теңгені құрады. Осылайша, 7 елді мекенді таза ауыз су жүйесіне қосып, 7300 адамды сапалы тіршілік көзімен қамтымақпыз. Бұдан бөлек, 19 ауылда су тарату жақсарады. Ал, Преснов топтық су құбырларының 2-ші кезегінде жаңа желілер салынуда. Нәтижесінде, үстіміздегі жылдың қарашасынан бастап 17 селоға таза ауыз су жетеді.

Бүгінде Есіл су компаниясының жергілікті филиалы өңіріміздегі 11 және көршілес жатқан Қостанай облысында екі ауданға су таратады. Барлығы 233 елді мекенді тіршілік көзімен қамтып отыр. Болашақта Қазсушар кәсіпорны бұл ауылдардың санын арттырмақ ниетте.

Эльмира Сәдуақасова