Қоғам

СҚО-да “7-20-25” бағдарламасы бойынша 1 азамат пәтер алған

Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктері. “7-20-25” бағдарламасы Қазақстан бойынша тиімді жүзеге асуда. Алайда, теріскейде соңғы екі айдың ішінде жаңа ипотекалық бағдарламаның көмегімен бір жерлесіміз ғана баспанаға қол жеткізген.

 

Саят Ермек – тілші:


– Президент ұсынған “7-20-25” бекітілгелі екі айдың жүзі болды. Оны жүзеге асыру үшін мемлекет қазынадан 1 трлн теңгедей қаражат бөлген. Бүгінге дейін бағдарлама бойынша несие беретін 7 отандық банктен қазақстандықтар 18 млрд теңгенің несиесін алып үлгеріпті.

Бірақ, өңіріміз бойынша баспаналы болудың жаңа мүмкіндігін әзірге тек бір жерлесіміз ғана пайдаланып үлгерген. 3 млн. теңгенің бастапқы жарнасын төлеген бұл азаматқа банк 12 млн теңге қарыз беріпті. Ұлттық банктің облыстық филиалының басшысы Диас Мэлстің сөзінше, жаңа әрі тиімді бағдарлама бойынша пәтер алғысы келетін өзге де жерлестеріміз көп-ақ. Бірақ оларға беретін баспана жоқтың қасы.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:


Облыс бойынша бағдарламаға сай келетін баспананың аз болуы өтініштердің аздығына әкеп соқтыруда.

Бағдарлама бойынша баспананы тек жаңадан салынған үйден алуға болады, ал оның бағасы 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Алайда, бүгінгі таңда теріскей бойынша бой көтеріп жатқан көпқабатты тұрғын үйлердегі пәтерлердің барлығы өзге ипотекалық бағдарламалар бойынша сатылып кеткен немесе бағасы шекті сомадан қымбат. Сондықтан, жыл соңына дейін солтүстікқазақстандықтарға 7-20-25-тің шарттарына сай келетін небары 7 пәтер ұсынылмақ.

Саят Ермек – тілші:


– 7-20-25 үшін мемлекет бөлек үйлерді салмайды. Займ алудан үмітті азамат пәтерді өзі іздеп табуы тиіс. Кейін ол баспананы тұрғызған компаниямен сатып алу-сату шартына отырады. Үміткер 20 пайыздық бастапқы жарнаны төлеген соң банк мердігерге қажетті соманы береді, ал пәтер иесі оны 25 жылдың ішінде 7 пайыздық үстемемен қайтарады.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

– Меншігінде басқа жылжымайтын мүлік болмауы тиіс, басқа ипотекалық несиесі болмауы керек және оның тұрақты табысы болуы тиіс. Бір отбасында айлық табыс шамамен 120 мың теңгенің маңайында болуы шарт.

Келер жылы Президент ұсынған жаңа ипотекалық бағдарламаның шарттарына сай келетін тұрғын үйлер көптеп салынады деп күтілуде. Сонда қолжетімді баспанаға қол жеткізетін жерлестеріміздің қатары арта түспек.

Саят Ермек