Балалар

Петропавлда мүмкіндігі шектеулі балақайларға арналған қызықты шара өтті

Оқимыз, ойнаймыз, демаламыз – уақытты пайдалы өткіземіз! И.П. Шухов атындағы қалалық орталық кітапханада мүмкіндігі шектеулі балақайлар үшін қызықты шара ұйымдастырылды. Онда кішкентай оқырмандар түрлі байқауларға қатысып, көңілдерін көтерді.

 

Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мұндай шарапатты шараны өткізу Шухов атындағы қалалық орталық кітапханада игі дәстүрге айналған. Апта сайын ұйымдастырылатын байқауларға жас оқырмандар үнемі қатысады. Бүгін кітапханада уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізуге 15 балғын жиылыпты.

Эльза Шакиржанова – И.П. Шухов атындағы қалалық орталық кітапхананың кітапханашысы:

– Ерекше балалар осы жерде өз қатарластарымен тілдесіп, көңіл көтереді. Олар өздерінің қоғамның бір бөлігі екендіктерін сезінулері керек. Мұндай шараларды 13 жыл қатарынан өткізіп келеміз.

Алдымен балаларды ертегі кейпіндегі қуыршақтар қарсы алып, олармен би билеп, көңілдерін көтерді.

Содан соң, балақайлар қызықты байқауға қатысты. Онда жеткіншектер үстелдің үстінде жатқан суреттерден ертегі кейіпкерлерін табуға тырысты. Кейін, кезек дене шынықтыруға берілді. Бұл сайыста балақайлар тағы би билеп, тәрбиешілермен бірге қызықты ойындарға белсене ат салысты.

10 жасар Дамир Иванов кітап оқығанды ұнатады екен. Оған қоса, белсенді өмір салтын ұстануға тырысады. Соңғы жарты жылда жеткіншек сурет салумен әуестеніп жүр. Жан-жақты жерлесіміз болашақта дәрігер болып, науқастарды емдегісі келеді екен.

Дамир Иванов:


– Мен бұл шараға үшінші рет қатысып отырмын.Бүгінгі ойындар маған ұнады. Өте қызықты өтті. Мен би биледім, суреттерден ертегі кейіпкерлерін таптым. Көңіл-күйім тамаша!

Бүгіндері қалалық әлеуметтік қорғау бөлімінің қамқорлығына 80-нен аса ерекше бала алынған. Мамандардың сөзінше, осындай көңілді шаралардың куәсі болған балғындардың өмірге деген қызығушылықтары арта түседі.

Динара Нұрбаева – Петропавл қалалық әлеуметтік қорғау бөлімінің әлеуметтік қызметкері:


– Осындай шаралар ерекше балалардың ми-қабілеттерін дамытуға септігін тигізеді. Қоршаған ортамен байланысына серпін береді. Балақайлармен түрлі ойындар өткізіледі. Олар бүгін көңілдерін көтеріп, ықыласқа бөленді.

Алдағы уақытта ұйымдастырушылар мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап “Қарындаш қонаққа келеді” атты шараны өткізбекші.

Альмира Жетписбай