Қоғам

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалында ашық есік күні өтті

“Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” акционерлік қоғамының СҚО бойынша филиалында ашық есіктер күні өтті. Оған мектептердің, агроқұрылымдар мен басқа да мекемелердің 30-дан аса есепшісі қатысты. Жиын барысында қаржы саласының мамандарына ұйым есебінен әлеуметтік төлемдер жасаудың қыр-сыры түсіндірілді.

 

Былтыр өңіріміздегі 196 мыңнан астам жұмысшы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушысы атаныпты. Яғни, жерлестеріміз осы ұйымның шотына 7,5 млрд теңге көлемінде ақша аударыпты. Ал, үстіміздегі жылдың алғашқы 6 айы ішінде жиналған сомма 2,9 млрд. теңгені құрайды. Қорға құйылған қаржыға ҚР азаматтары белгілі бір жағдайларда үміт арта алады.

Анар Жүнісова – “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ СҚО бойынша филиалының директоры:

– Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы асырап алуға, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақылар төленеді. Сонымен қатар, табысынан айрылған жандарға әлеуметтік төлем жасалады. Бұдан бөлек, еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан және жұмысынан айрылған жағдайда да осы қордан ақша аударылады.

Бұл істің барлығын есепші жүргізеді. Яғни, қаржы саласының қызметкері жоғарыда аталған 5 топқа кіретін адамдарға міндетті әлеуметтік төлем жасайды. Бүгін осы жандарға арналып мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры ашық есіктер күнін ұйымдастырып отыр. Жиын барысында ұйым мүшелері келген қонақтарға істің қыр-сырын түсіндірді. Шара қатысушыларының арасында “Белое-Агро” ЖШС өкілі Марина Кулеш те бар. Білікті бухалгер төлем жасаудың ережесін жақсы біледі.

Марина Кулеш – “Белое-Агро” ЖШС есепшісі, Мамлют ауданы:


–  Қорға ақша аударар алдында жұмысшының ресми жалақасын есептейміз. Одан 10 пайыз зейнетақы төлемін аламыз. Кейін, ең төменгі еңбекақы мен табыс салығын шегереміз. Қалған соммадан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына қаржы аударамыз. Серіктестікте 45 адам жұмыс істейді. Мамандарға төлем уақытында, еш кешіктірусіз жасалып тұрады.

Тағы, ашық есік күніне біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері де қатысты. Жиынға қатысқан есепшілер оларға өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды.

Байболат  Култанов