Білім

Республикалық ата-аналар конференциялары өтіп жатыр

Петропавлда республикалық ата-аналар конференциялары бастау алды. Дәстүрлі шара еліміздің барлық өңірлерінде өтіп жатыр. Бастауыш сынып оқушыларының әке-шешелеріне арналған кездесуде шәкірттердің тұлға болып қалыптасуына жәрдемдесу мен оқу үлгерімін арттыру жолдары қаралды.

 

Республикалық ата-аналар жиналысының шаһардағы №10-шы орта мектепте өткізілуі бекер емес. Білім ошағы оқушылардың үлгерімі жөінен үздіктердің қатарында. Бұл шәкірт тәрбиелеп, оларға білім беріп жүрген ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі десек артық айтқандық емес. Алдымен жиналғандар алдында “отбасылық тәрбие институтының” өкілдері сөз алып, жаһанданудың өскелең ұрпаққа тигізер кері әсеріне тоқталды.

Ирина Шэ – “Отбасылық тәрбие институты” ЖШС өңірлер бойынша сарапшы-кураторы, Астана қаласы:

– Ата-аналар балаларға үлгі көрсетіп, барлық жағынан көмек көрсетуі қажет. 21 ғасырдың оқушылары цифрлық кезеңде өмір сүріп жатыр. Сәйкесінше, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру үйдегі орта мен ұстазға тікелей байланысты. Егер оқушыға отбасында тиісті көңіл бөлінбесе, оның мектепте білім алуға ынтасы болмайды. Көп ата-аналар балаларының оқуға құлшынысының не себептен төмендеп кеткендігін түсіне алмай, дал болады. Біз осы өткір мәселелерді ортаға салып, оны бірлесе шешу жолдарын қарастырамыз.

Республикалық жиынға бұл жолы бастауыш сынып оқушыларының ата-аналары қатысуда. Мәселен, Лариса Винокурованың немересі Таисия биыл 1-ші сыныпқа аяқ басыпты. Әже көңілі жиенінің жаңа ортаға бейімделуіне алаңдаулы. Бүлдіршіннің жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алатыны тағы бар.

Лариса Винокурова – қала тұрғыны:


– Анасы екеуміз қазірден оқуға талабын ұштауға көңіл бөліп келеміз. Егер балаға жөндеп мән бермесе, оның оқу үлгерімі төмендеп кетуі мүмкін. Менің ойымша, оқушының тұлға болып қалыптасуында мектептің алар орны бөлек. Бастауыш сынып бүлдіршіндері ұстаздан үлгі алады.

Шара барысында астаналық педагогтар бастауыш сынып мұғалімдерімен жаһандану заманында оқушыларды оқытудың тиімді тұстарымен бөлісті. Теріскейлік ұстаздар да, оқу үлгерімінен бөлек, оқушыларды қоршаған ортаға бейімдеу, дұрыс тәлім-тәрбиенің маңызы зор екенін айтып отыр. Светлана Ларкина – 30 жылдық тәжірибесі бар ұстаз. Білікті мұғалім сабақтарында шәкірттерінің ынтасын арттыруға ерекше мән береді екен.

Светлана Ларкина – Н.К.Крупская атындағы №10 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– Жаңа оқу жылының басталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Мен жетекшілік ететін сыныптың оқуға деген ынтасы жақсы. Оның үстіне әке-шешелері күн сайын балаларының сабақ үлгерімі жайында сұрап отырады. Бірақ, біз оқушыларға сыныптастарымен ортақ тіл табысып, күнделікті сабақты меңгеру кей кездері қиынға соғатынын жасырмай айтуымыз керек. Осы істі оң жолға қоюда әр мұғалімнің қолданатын өз әдістері болуы тиіс.

Айта кетейік, дәстүрлі республикалық ата-аналар жиналысы алда еліміздің барлық мектептерінің түрлі сыныптарын қамтымақ.

Бахыт Садвокасов