Бескөл ауылында Отбасы күнінде “Қызылжар” саябағы ашылды. Демалыс орнында балалар алаңқайы, концерттік және спорттық алаңдар жасақталған. Енді тұрғындар бала-шағаларымен бірге кез-келген уақытта паркте серуендей алады. Саябақтың салтанатты ашылу шарасында өнегелі отбасылар да марапатталып, оларға сыйлықтар тарту етілді.
– Бұл – Бескөл ауылының орталығы. Осыдан бес ай бұрын мұнда тек орман болса, қазір аталған жер демалыс орнына айналып отыр. “Қызылжар” саябағының ашылуын, әсіресе, балғындар асыға күткен сияқты. Себебі, демалыс аумағында спорттық және балаларға арналған алаңдар бар.
Саябақтың жалпы аумағы 2 гектарды құрайды. Ол Қызылжар ауданының әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен қалыпқа келтірілген екен. Бұл жерде балаларға арналған алаңқайлар мен спорттық алаңдардан бөлек, 20 орындық пен 35 шам бағаны орнатылған. Сонымен қатар, 800 метрге созылған тас жол төселіпті. Бұл жұмыстардың барлығына шамамен 16 млн. теңге қаржы жұмсалған екен. Демалыс орынының салтанатты ашылуы Отбасы күніне тұспа-тұс келіп отыр. Осындай атаулы күнде Петерфельд ауылының тұрғындары Азамат Әбілов пен Диана Жүнісова көпшілік алдында қазақтың барлық салт-дәстүріне сай отау құрып, үлкендердің батасын алды.
Азамат Әбілов – Қызылжар ауданының тұрғыны:
– Бізге осындай мүмкіндік берілгеніне өте қуаныштымыз. Ауызбірлігі мықты, іргесі берік жанұялардың бірі боламыз деген үміттемін. Барлық жанұяларды отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын.
Жастар жаңа қосылып жатса, Сабыржан мен Қымбат Сұңғатовтардың отасқандарына тура 55 жыл болыпты. Олар Есіл ауданының Талапкер ауылында танысқан екен. 1963 жылы отау құрып, 32 жыл сол елді-мекенде тұрыпты. Кейін 2000-шы жылдары Петерфельд ауылына көшіп келген екен. Қазіргі таңда 3 қыз, 3 ұлдарынан 8 немере және 3 шөбере сүйіп отыр.
Сабыржан Сұңғатов: “Қиыншылықты да, жақсылықты да бірге көрдік:
– Қымбат Сұңғатова: “Жастарға шыдамдылық, таза махаббат керек. Өмірде бәрі де болады. Соның барлығына төзе білген жөн.
Саябақтың әр жерінде қарбалас. Демалыс орнының бір жағында қызықты ойындар өткізіліп жатса, енді бір жағында балалар мен ересектер шахмат, тоғызқұмалақ ойнауда. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары мен жиналған қонақтар өнер мектебі ұйымдастырған көрмені тамашалай алды. Оған қоса, демалыс орнында тұрғындарға дастархан жайылып, тегін палау таратылды. Ауыл тұрғындары саябақтың ашылғанына дән риза.
– Кешкі уақытта демалуға, достарыммен серуендеуге жақсы болды.
– Бұрын бұл жерде ағаштар көп болатын, ал қазір айналасы тазарып, демалыс орына айналды.
– Маған саябақ ұнады. Енді достарыммен бірге осы жерге күнде келетін боламын.
Салтанатты жиында тәлім мен тәрбиенің тал бесігі, үлгі-өнегенің қайнар көзі бола білген мерейлі отбасылар марапатталып, оларға сыйлықтар тарту етілді. Сонымен қатар, жақында жазғы Азия ойындарында алтын алқа тағынған жерлесіміз Алексей Луценконың анасына да алғыс сөздер айтылып, сертификат табысталды. Мерекелік көңілді шара концерттік бағдарламаға ұласты.
Алдағы уақытта демалыс орнын тағы 2 гектарға кеңейту жоспарланып отыр.
Молдир Макишева