Қоғам

Шаһарда гүл сататын дүкен қожайыны шыршаны рұқсатсыз кесіп тастаған

Биылдан Петропавлдағы гүл сататын дүкендер жаңартылып, біркелкі кейіпке енуі тиіс. Бүгінде шаһар бойынша дүкен мен аялдама біріктірілген нысандардың 8-нде жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондай павильондардың бірінің қожайыны ғимаратты кеңейтемін деп қасында жайқалып тұрған жасыл шыршаны отап тастаған.

 

Бұл – Кәрім Сүтішев пен Мир көшелерінің қиылысынан алыс емес жерде орналасқан аялдама. Нысанның бір бөлігінде гүлдер дүкені жайғасса, екінші жағында тұрғындар қоғамдық көліктерді күтеді. Қазір жеке кәсіпкер аялдамаға қайта құру жұмыстарын жүргізіп, аумағын кеңейтіп жатыр. Бір әттеген-айы, нысан жанында жайқалып тұрған шырша кесілген. Кәсіпкердің айтуынша, ағаш құрылыс жұмыстарына кедергі келтірген. Қалалық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің мамандары бизнес иесінің бұл әрекеті заңсыз деп отыр.

Асхат Рамазанов – Петропавл қалалық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімі:


– Бизнесменнің ағашты Петропавл қалалық ТҮКШ, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің рұқсатынсыз кесіп тастағандығы анықталды. Оған шыршаны кесу туралы рұқсат берілген емес. Біз дүкен қожайынына әрекетінің заңсыз екендігін түсіндірдік. Енді кәсіп иесі 1 шыршаның орнына 5 ағаш отырғызуға міндеттеледі.

Бүгінде қала әкімдігі шаһар көркін қашыратын аялдамалар мен дүкен павильондарын ретке келтіру жоспарын бекіткен. Соған сәйкес, ендігі кезекте жолдардың жиегіндегі дүңгіршектер, гүл сататын дүкен, павильондар мен оларға жапсарлас орналасқан аялдамалар біріңғай үлгіде болуы тиіс. Өстіп, жер телімінің иелері меншіктерін ретке келтіріп жатыр.

Әлібек Естәулетов – Петропавл қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының уақытша міндетін атқарушы:

– Облыс орталығында аялдамамен біріктірілген 11 гүл дүкені бар. Қала әкімдігі оларды қалыпқа келтіру үшін иелерімен тілдесті. Жалпы гүл дүкендері орналасқан жер телімдері қалалық әкімдіктің меншігі болып саналады. Кәсіпкерлер учаскіні тек 10 жылға дейін жалдай алады.

Айта кетейік, қазіргі таңда жөндеу жұмыстары 8 аялдамадағы гүл сату орындарында басталып кеткен.

Бақыт Сәдуақасов