МТРА жаңалықтары

Жыл басынан Есіл аудандағы күнкөріс деңгейі төмен 95 жанұяға көмек көрсетілді

Жыл басынан Есіл ауданында жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік жәрдемақы алу үшін 543 тұрғын өтініш беріп, тиісті органдарға жүгінген. Бұндай көмекке напақасы өңірдегі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен азаматтар үміт арта алады. Әзірге, аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандары әлеуметтік көмекті тұрмыс деңгейі төмен 95 жанұяға тағайындаған.

Аудан тұрғыны Гүлжайнат Оқанова Явленка селосындағы тойханада аспаз болып қызмет етеді. 35 жасар нәзікжанды таяуда отбасымен Айыртау ауданынан көшіп келген. Жолдасы да, өзі де екі қолға бір күрек таба алмаған соң, жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліпті. Табыс көзінің жоқтығынан, жанұяға 300 мың теңгенің бір реттік қайтарымсыз ақшалай көмегі көрсетілген. Оның үстіне орталық қызметкерлері екеуін де жұмысқа орналастырыпты.

Гүлжайнат Оқанова – “Адай” ЖК аспазы, Есіл ауданы:


– Биржаға тұрғаннан кейін осы демеуақы алуға құжаттар жинадым. 300 мың теңге көлемінде қаражат берді. Оған мал алдым. 150 мыңға қой және тайынша алдым. Берген ақша осыған жұмсалды. Орталық мамандары мені жолдасыммен бірге Аққайың тойханасына жұмысқа тұрғызды.

Жаңа жылдан елімізде атаулы әлеуметтік көмек көрсету шарттарына бірқатар өзгерістер енді. Ендігі кезекте, мемлекеттік жәрдемақы табыс көзі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен болған жағдайда тағайындалады. Бүгінге дейін аудан халқынан атаулы жәрдемақыны алуға 543 өтініш келіп түскен. Осы күнге дейін тұрмыс деңгейі төмен 95 жанұяға әлеуметтік көмек көрсетіліпті.

Азамат Никибаев – Есіл ауданы жұмыспен қамту орталығының консультанты:


– Осы жылдан әлеуметтік көмектің шартсыз және келісілген түрі енгізілді. Еңбекке қабілетті жоқ не болмаса белгілі бір себептермен жұмыс істеуге дәрменсіз отбасы мүшелері жәрдемақының шартсыз түріне сүйене алады. Отбасы мүшелерінің бірі еңбекке жарамды болса, әлеуметтік келісім шарт жасау арқылы мемлекеттік көмекке үміт артады. Бұл көмектің келісілген санатына жатады.

Айту керек, жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік көмектің жаңа форматы шеңберінде өтініштерді жыл соңына дейін қабылдайды.

Бахыт Садвокасов