МТРА жаңалықтары

Мемлекеттік кірістер департаменті 8 айлық жұмысты қорытындылады

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті 8 айлық жұмысын қорытындылап отыр. Осы уақыттың ішінде мамандар 130 шақты қылмыстық істі қараған. Олардың тең жартысының бүгінде басы ашылыпты. Өңірде бюджеттегі ақшаны жымқыру мен салықтан жалтару фактілері артқаны байқалады.

Мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының сөзінше, көлеңкелі экономикаға қатысты заңбұзушылықтар жылдан-жылға етек жайып барады. Әсіресе, акциздік маркасы жоқ ішімдікті сатушылар көбейіпті. Сондай-ақ, өңірімізде мұнай және оның өнімдерін көршілес Ресейден заңсыз тасымалдауға қатысты бірқатар фактілер тіркелген. Ал, биылғы жылдың маусым айында болса, мемлекеттік кірістер департаменті 5 жыл қатарынан жалған кәспкерлікпен айналысқан бір топ адамды қолға түсірген. Олар шын мәнінде көрсетілмеген қызмет, жасалмаған істерге шот-фактура жазып отырыпты.

Нұрымжан Абатов – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:


–  Аталған іске қатысы бар азаматтар ұсталды. Олардың келтірген шығыны 3 млрд теңгеден асады. Тағы заңсыз алкоголь өнімдерін шығару бойынша істің басы ашылды.

Алкоголь өнімдері Петропавл қаласында орналасқан 5 бірдей қоймадан тәркіленген. Бюджеттік саладағы қылмыстардың да мемлекетке келтіретін шығыны аз емес. Мәселен, 2018 жылдың басынан қазынадағы ақшаны жымқыруға байланысты 44 бірдей факті тіркелген. Мәселен, өңір аудандарының бірінде жылу желілерінің құрылысына бөлінген бақандай 82 млн тенге мақсатсыз жұмсалыпты. Мамандардың сөзінше, бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес.

Нұрымжан Абатов – СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:

– Қылмыстардың 45 пайызы – мемлекеттік бағдарламалар, бюджеттік салаға қатысты, 32-ісі – салық төлеуден жалтаруға байланысты болса, 11 пайызы көлеңкелі экономикаға тиесілі.

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары 2018 жылы 136 қылмыстық істі қараған. Барлық заңбұзушылықтардың тең жартысының басы ашылды. Қазірде қылмыстық істердің 30-ы сот қарауына жіберіліп, жетеуі бойынша үкім шығарылыпты.

Эльмира Садвокасова