Қоғам

Интернационал көшесіндегі дүңгіршіктер сүрілетін болды

5 айға созылған жер дауына нүкте қойылды. Бүгін облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот отырысында Интернационал көшесі бойындағы сауда дүңгіршіктеріне қатысты үкім шығарылды.

 

Сот залына Интернационал көшесінің бойындағы жер телімдерінің қожайындары мен оны мемлекеттен жалға алып отырған кәсіпкерлер жиналған. Бизнес субъектілері заманауи жарық бағандарын орнатып, көшені абаттандыру үшін шаршы метрлерді қайтарып алмақшы болған қалалық әкімдіктің үстінен сотқа арыз берген болатын. Бұл үшінші, әрі шешуші отырыс. Жергілікті биліктің бұл қаулысының заңды-заңсыздығын саралап, сараптаған облыстық экономикалық сот бүгін үкім шығарды.

Әсел Есләмова – СҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы:


–  Сот шешімі бойынша Интернационал көшесі бойындағы жер телімдері мемлекетке қайтарылады. Себебі, 2007 жылы қала әкімдігінің жасаған жоспары мен ҚР Үкіметімен бекітілген Петропавлдың бас жоспарына сәйкес, бұл аймаққа жасыл желек отырғызылуы керек. Сол себепті, сауда дүңгіршіктері заңға сәйкес, сүрілетін болады.

Осылайша, павильондар бұзылып, жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс. Ал оларға иелік ектен бизнесмендердің мүлкі бағаланып, тиісті өтемақы төленуі шарт. Алайда, бұл шешіммен көше бойында ісін дөңгелетіп отырған сауда нүктелерінің қожайындары, әрине келіспей отыр. Сондықтан, олар сот үкімін қайта қарастырмақ түсірмек ниетте.

Бақытжан Базарбек – жер телімдері бойынша заңгер, халықаралық эксперт:


–  Біз істі бұлай қалдырмаймыз. Міндетті түрде шешімге шағым түсірмекпіз. Себебі, сауда павильондары ондаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Енді, бұл отбасылар қалай күн көрмек? Қажет болса, Жоғарғы сотқа дейін жетеміз. Біздің жан айқайымызды естісе дейміз.

Ал, ертең теміржол вокзалының алдындағы жеке меншікке өтіп кеткен 4 жер телімі бойынша сот үкімі шығарылатын болады. Тек қандай шешім шығарылмасын, әлеуметтің пікірі бір – сауда павильондарын бұзу керек. Петропавлдықтардың сөзінше олар көше бойымен жүруге кедергі келтіреді, әрі шаһардың көркін қашырып тұр.

Эльмира Садвокасова