Ауыл шаруашылығыБизнес және экономика

Жыл басынан “ҚазАгрокепіл”АҚ 19 СҚО фермердің өтінішін мақұлдады

Жыл басынан “ҚазАгрокепіл” АҚ 20-ға жуық солтүстікқазақстандық фермерге көмек қолын созып, оларға несиенің 85 процентіне дейін кепілдік берген. Мұндай қолдауға Айыртау, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев, Жамбыл аудандарының кәсіпкерлері жиірек жүгініпті.

 

Асхат Бақытжановтың болашаққа құрған жоспары ауқымды. Жерлесіміз мал басын асылдандырып, алып кешен салғысы келеді. Бүгінде сол арманына жету жолында тер төгіп, талаптанып жүр. Осыған дейін мемлекеттен 100 шаршы метр жер алған фермер соның 62-сіне қора тұрғызыпты. Нысанға электр желілерін тартып, жанынан құдық қазған. Есесіне 11 сиырын суару үшін алысқа апарып жатпайды. Зеңгі баба төлдері жаз мезгілінде 90 литрден сүт береді. Оны кәсіпкер 85 теңгеден тапсырып жүр. Бұл істен жерлесіміздің көріп отырған игілігі шамалы емес.

Асхат Бақытжанов – жеке кәсіпкер, Аққайың ауданы:


– Сүтті Шаховское селосындағы жеке кәсіпкерге тапсырамын. 10-15 күнде – 120-150 мың теңге жиналады.

Асхат Бақытжанов жеке ісін былтыр ғана бастапты. Қалтасында қаражаты болмаған соң мүйізді ірі қара малды, сауу аппаратын және МТЗ тракторын несиеге алған. Барлығы 4 млн. теңгеге шығыпты. Жерлесімізге бұл заем жылдық 6 процент мөлшерлемесімен бірілген. Іскер азаматтың мүлкі ауылды жерлерде орналасқандықтан, заемның 85 пайызын “ҚазАгроКепіл”АҚ кепілдендіріпті.

Айгүл Қонаева – “ҚазАгрокепіл” АҚ СҚО өкілдігінің директоры:


– Біз кәсібіне 3 жыл толмаған жас бизнесмендермен жұмыс жасаймыз. Кәсіпкерлерде несие сомасының 15 пайызын жабатын кепіл заты болуы керек. 85 пайызын “ҚазАгрокепіл” АҚ өз мойнына алады. Осы тұста айта кетейін, “ҚазАгрокепіл” пайда табуды көздемейді. Бұл коммерциялық ұйым емес. Сондықтан заемшылар алған кепілдіктерін бізге кері қайтармайды. Комиссиялар жоқ. Клиент несиесін кешіктіріп алса, ол үшін біздің ұйым төлем жүргізеді.

Жыл басынан “ҚазАгрокепіл” АҚ 20-ға жуық солтүстікқазақстандық фермердің өтінішін мақұлдапты. Кепілдіктің дені Айыртау ауданының жас кәсіпкерлеріне берілген.

Айгүл Қонаева – “ҚазАгрокепіл” АҚ СҚО өкілдігінің директоры:


– Жыл басынан 19 жобаға кепілдік ұсынылды. Бұдан басқа қазір 7-еуі мақұлданып, 9-ы қаралып жатыр. Көбісі несиені мал шаруашлығын дамытуға алды. Сондай-ақ, біз сүт қабылдау пунктерін ашуға , ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын алуға, техникалық қызмет көрсету станциялары және сауда павильиондарын ашуға кепілдік ұсынамыз. Жеңілдікті алу үшін бизнес негіздеріне үйрететін “Бастау бизнес”, “Бизнес кеңесші” сынды курстардан өту қажет. Содан кейін заем алуға болады. Биыл біздің ұйымға Қызылжар, Тимирязев, Уәлиханов, Тайынша, Есіл аудандарынан бірде-бір өтініш келіп түскен жоқ.

Осы тұста айта кетейік, заемшыларға облыс орталығына келудің қажеті жоқ. Барлық құжаттарды аудандардағы “Қазпошта” АҚ мен “Атамекен” ҰКП бөлімшелері қабылдап, кейін материалды “ҚазАгрокепіл” АҚ электрондық түрде жолдайды.

Берік Қасен