Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкімет басшысы облыстың дамуына жоғары бағасын берді

Солтүстік Қазақстан өңіріне келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың жұмыс сапары кеше облыстық әкімдікте өткен алқалы жиында қорытындыланды. Отырыста Премьер-министр өңірді дамытудың 3 жылдық кешенді жоспарының орындалуымен де жіті танысты. Қазірдің өзінде аталған бағдарлама аясында атқарылған шаруа ауқымды.

Жыл басынан бері өңірде құрылыс қарқыны – 1,7%, инвестиция көлемі – 9,9 және ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің үлесі – 3,2% артқан. Тағы, тұрғын үйлерді қолданысқа беруде, экспорт пен өндіріс саласында да даму байқалады. Мұндай алға басушылыққа Үкімет басшысы жоғары бағасын берді. Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев Петропавлда қараша айында өтетін Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форуымына дайындық жұмыстарына көңілі толатындығын жеткізді.

Бақытжан Сағынтаев – ҚР Премьер-министрі:


– Маңызды шараға дайындық барысымен және құрылыс жұмыстарымен таныстым. Атқарылып жатқан жұмысқа толық көңілім толады. Әуежай, оқушылар сарайы мен туризм тақырыбы бойынша көрме өтетін теннис корты сапалы тұрғызылып жатыр. Аталған нысандар белгіленген уақытта тапсырылады. Тағы, облыс орталығында тұрғын үйлер салуға, абаттандыру ісіне де ерекше екпін берілген. Бұл шаруаның барлығына Үкімет резервінен тиісті қаржы бағытталды. Қанша мөлшерде сұраса, сондай көлемде бөлінді. Мұндай көмек өңірдің дамуына серпін берері анық. Бұл қарқыннан таймай, кешенді жоспар аясында осылай еңбек ететін болсақ, өлке әлеуметтік-экономикалық тұрғыда бұдан да дами түседі. Ол үшін біз барлығымыз жақсы жұмыс істеу керекпіз.

Байболат  Култанов