Білім

“Серпін” мемлекеттік бағдарламасы арқылы СҚМУ-ға 370 бала оқуға түсті

Серпіндік студенттердің саны артта түсті. Биыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-не аталған бағдарлама бойынша тағы 370 бала оқуға қабылданыпты. Жастардың барлығы жатаханамен қамтылған. Ал оңтүстік өңірлерден осыдан 4 жыл бұрын келген ұл-қаздардың алғашы легі болса, білім ордасын үстіміздегі жылы тәмамдаған болатын. Бүгінде олардың басым бөлігі теріскейде еңбек етіп жатыр.

Әлібек Серіков – Түркістан облысының тумасы. Ол биыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ “Серпін” мемлекеттік бағдарламасы бойынша қабылданған. Қазір азық-түлік технологиясы мамандығында білім алып жатыр. Студент Қызылжардағы қара шаңырақпен интернет арқылы танысыпты. Сонда бірден осы жақтағы оқуды таңдаған.

Әлібек Серіков – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті:


– Университеттің білім беру жүйесі мен спорттық іс-шаралары ұнады. Сондықтан осында оқуға түсуді таңдадым.

Биыл жергілікті университетке Әлібек сияқты “Серпін” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 370 бала оқуға түсті. Студенттер солтүстікке еліміздің 5 аймағынан келіпті. Олар Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау мен Алматы облыстарының ұл-қаздары.

Алмас Кенжеғалин – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тәрбие жұмысы жөніндегі департамент директоры:

 

– Оңтүстік өңірлерден келген балаларға жағдай жасалады. Олардың барлығы жатаханамен қамтылады.

Жатаханадан бөлек, жастарға мемлекеттен шәкіртақы беріледі. Қаржылай қолдаудың көлемі 21 мың теңгені құрап отыр. Қазіргі таңда жергілікті университетте “Серпін” бағдарламасы бойынша 600-ден астам студент оқып жатыр. Бұл жоба арқылы мамандық игерген қыз-жігіттердің алғашқы легі қолдарына дипломдарын биыл алды.

–  Өзімізге мәлім “Серпін” бағдарламасы бойынша білім алған жастар 100 пайыз жұмыспен қамтылады. Қазір біз аталған жоба арқылы оқып, еңбекпен қамтылған жанмен кездесетін боламыз. Ол қаламыздағы “Балауса” бөбекжай-бақшасында қызмет етеді.

Бұл бөбекжай-бақшада Сымбат Лепес еңбек етеді. Тәрбиеші қызметін атқаратын бойжеткен жеткіншектердің жан-жақты дамуына өз үлес қосып жүр. Жұмысы өзіне ұнайды. Мұндай маман иесі атануды ол бала күнінен армандапты. Енді міне, қиялындағы қызметті мемлекеттік бағдарламаның арқасында туған жері Қызылордада емес Қызылжарда атқарып жүр.

Сымбат Лепес – «Балауса» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі:


– Өзім оқып жүрген кезде осы балабақшада өндірістік тәжірибеден өткен едім. Сонда мені мекеме меңгерушісі жұмысқа шақырды. Бұл ұсынысты қабыл алып қызметке тұрдым.

Айта кетейік, биыл М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нен “Серпін” мемлекеттік бағдарламасы бойынша 127 маман қанат қақты. Олардың 86-ы теріскейде екі қолға бір күрек тауып, жұмысқа тұрған. Кейбірі қайта оқуға түсіпті. Университет бітіргендердің арасында тұрмыс құрып, туған өңірлеріне оралғандар да бар.

Байболат Бектемірұлы