Экология

Қыркүйектің 8-і “Қызылжар су” ЖШС суды уақытша тоқтатады

Қыркүйектің 8-інде қала бойынша су беру тоқтатылады. “Қызылжар су” серіктестігі бұл шараны құбырларды тазарту үшін жүргізбек.

Дүйсенбіден бері Қызылжар су серіктестігінің диспетчерлік қызмет орталығының телефондарына дамыл жоқ. Күн сайын мұнда бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден судың тоқтатылуы туралы ақпаратты көрген қала тұрғындары хабарласады. Мағлұматтың рас-өтірігін анықтауға тырысқандардың құлағына алтын сырға!

Айжан Әбілова – «Қызылжар су» ЖШС диспетчерлік қызмет орталығының басшысы:

 

– Қыркүйектің 7-сінен 8-іне қараған түні сағат 12-де су барлық қала бойынша тоқтатылады. Тіршілік көзі тек 10-ы күні сағат таңғы 6-да қосылады. Егер бұл уақыттан ерте берілсе, оны ішуге кеңес бермейміз. Тек техникалық мақсатта қолдануға болады. Себебі, су құрамындағы хлор көлемі нормадан жоғары болады.

Бұндай шараны құбырларды тазарту мақсатында монополистер жыл сайын кестеге сай жүргізеді.

Баян Канафин – «Қызылжар су» ЖШС біріккен лабораториялар орталығының меңгерушісі:

 

– Су сапасын жақсарту үшін осындай шара жүргізіледі. Себебі, біздің серіктестік құбырларының ұзындығы 326 шақырымды құрайды. Олардың бірқатары ондаған жылдар бойы қызмет етіп келеді. Сол себепті, жыл сайын тазарту жұмысын жасаймыз.

Атап өту қажет, ауруханалар мен мектеп-интернаттарға «Қызылжар су» серіктестінің қызметкерлері қажетінше су тасымалдайтын болады.

Эльмира Садвокасова