Спорт

“Құлагер” ХК “Горняк” командасына қарсы қарымта кездесу өткізді

“Құлагер” хоккей клубы рудныйлық “Горнякқа” қарсы қарымта кездесу өткізді. Алғашқы ойындағы әсерлі жеңістен кейінгі бұл матч Олег Гущин басқарған жергілікті клуб жігіттеріне оңайға соқпады. Өйткені, матч жеңімпазы негізгі уақытта емес, буллиттер сериясында анықталды.

 

Саят Ермек – тілші:


– Алғашқы ойында құлагерліктер рудныйлық хоккейшілерден 3:2 есебімен басым түсті. Айта кеткен жөн, соңғы 2 шайба ойын аяғына 1 минут қалғанда соғылған болатын. Бұл әсерлі ойынды жергілікті имек таяқ шеберлері қайталай ала ма, әлде “Горняк” жіберген есесін қайтара ма?

Қарымта кездесу, бірақ, алғашқысындай әсерлі болмады. Шайба тасталғаннан-ақ солтүстікқазақстандық құрама қарсылас қақпасына дамыл бермеді. Алайда, ол әрекеттері нәтиже бермеді. Керісінше, өткен ойында қолда тұрған жеңістен айырылып қалған рудныйлықтар қарымта шабуылды сәтті жүзеге асырып, периодтың бел ортасында есеп ашты. Ал араға үш минут салып шайба Янков қақпасына екінші рет кірді.

– “Құлагер” әзірге ойын аутсайдері. Алғашқы кезеңнің нәтижесі осындай. Екінші периодта алаң иелері бірнеше шабуылдар сериясын жасаған еді, бірақ “Горняк” қорғанысын тас қамал етті. Бұл қамал тек кезеңнің екінші жартысында сыр берді. Ойынның 35-ші минутында Максим Первухин есеп айырмасын қысқартты.

Тағы бір минуттан соң Илья Ахметовтың соққысы таблодағы сандарды тіпті, теңестіріп берді.

Үшінші период. Есеп, әзірге, тең – 2:2. Ойын тағдыры осында шешілуі тиіс. Жеңіс шайбасын соғу керек, сондықтан әрбір сәтсіз шабуыл немесе ереже бұзушылықтың арты хоккейшілер текетіресіне әкеліп соқтырды.

Екі жақ қанша тырысса да, шешуші периодта шайба соғылмады. Негізгі уақытта жеңімпаз анықталмаған соң қос құрама 5 минуттық овертаймда мықтыны анықтауға тырысты. Анықтай алмады. Ал буллиттер сериясында “Горняк” жеңісті құлагерліктерден жұлып алды. Қорытынды есеп 2:3.

Алексей Данилов – “Горняк” ХК қорғаушысы, Рудный қаласы:


– Құлагер жақсы қарсылас. Сондықтан, ойындарға мықтап дайындалған едік. Бірақ, бізге сәл жинақылық жетіспеді. Ойынның басында иеленген басымдылықты соңына дейін сақтай алмаймыз. Әйтеуір, бүгін сәттілік біздің жақта болды.

Алғашқы ойындағы жеңіс “Құлагер”-ге алғашқы үш ұпай әкелген еді. Ал, қарымта кездесудегі сәтсіздік қоржынға 1 ұпай салды. Осылайша қазір теріскейлік құрама біріншіліктің турнирлік кестесінде 4-ші орында тұр. Келесі хоккей матчы қыркүйектің 7-сі мен 8-не жоспарланған. Өз алаңында “Құлагер” елордалық “Номад”-ты қабылдайды.

Саят Ермек