Мәдениет

Петропавлда “Qazaqtany” мектебі ашылды

Бүгін облыстық Қазақстан халқы ассамблеясында су жаңа “Qazaqtany” мектебі ашылды. Мұнда мемлекеттік тілді меңгеріп, қазақтың ұлттық болмысын танимын дейтін жерлестеріміз тәлім алатын болады. Ал сабақтар тегін жүргізілмек.

Ел боламын десең, бесігіңді түзе! Бұл мектеп қазақ мәдениетімен сусындаймын дейтін жерлестеріміз үшін жұмысын бастап отыр. Мұнда ұсталықты меңгеруге, киіз пішу, тоғызқұмалақ ойнау, тіпті домбыра тартуды да үйренуге болады.

Бастысы мұнда, мемлекеттік тілге қызығушылық танытып, оны құрметтегендерге қазақ тілі сабақтары өткізіледі.

Динара Елеуова – “Қоғамдық келісім” КММ аға сарапшысы:


– Басқа ұлт өкілдері қазақ халықының мәдениетін тануы үшін, қызығушылық танытуы үшін мектеп ашып отырмыз. Мұнда ниет еткен әрбір азамат келе алады. Оған сабақ кестесін береміз. Бәрі тегін!

“Қазақтану” мектебінде кез-келген теріскейлікке есік ашық. Бастысы өзі мекен етіп отырған елді, оның тілін тануға деген ынта болса жеткілікті. Мәселен, облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Наиль Сәлімовтың өзі осы мектептен сабақ аламын деп оқталып отыр.

“Қазақтану” мектебінде сабақтар аптасына кем дегенде 2-3 рет өткізілмек. Алдағы бірер күнде кесте жасалады. Дәрістерге жазылу үшін ассамблея ғимаратына жүгіну керек.

Саят Ермек