Балалар

Мектеп оқушыларының тамақтануы

Мектеп оқушыларының жақсылап ауқаттанып, пайдалы ас ішкені маңызды. Осы орайда, бүгінде өңірдегі барлық білім беру ошақтарында ыстық тамақ қарастырылған. Оның ішінде, облыс бойынша 9000 мың балаға түскі ас тегін беріледі. Арна тілшілері үстіміздегі аптадан басталған оқу жылында бұл үрдістің қалайша ұйымдастырылғанын байқап көрді.

Еттен жасалған котлет, қарақұмық ботқасы мен сусын. Бұл «БЭСТ» гимназиясында оқитын жеткіншектердің бүгінгі түскі асы. Құны небәрі 300 теңге.
Гимназистерді тойдыру міндеті осы салада 16-шы жыл еңбек етіп жүрген кәсіпкер Ольга Клишинаның мойынында.

Ольга Клишина – «Клишина» ЖК директоры:


– Асханадағы тағам мәзірі санитарлық эпидемиологиялық станция және білім бөлімімен келісіп жасалады. Толық және дұрыс тамақтану әртүрлі аурулардың алдын алады, ой қабілетінің дамуына әсерін тигізеді. Сол себепті, біз балалар үшін тек пайдалы тағамдар дайындаймыз. Бұған қоса, жоғары сынып оқушылары үшін асханада еркін мәзір де қарастырылған.

Биылғы оқу жылында “БЭСТ” гимназиясында бекітілген мәзір бойынша 450 шақты бастауыш сынып оқушы тамақтанады. Тамақ олардың да, жоғарғы сынып оқушыларының да көңілінен шығуда.
– Мұнда дайындайтын тамақтар дәмді. Аспаздар біз үшін тырысады. Маған барлығы ұнайды.

 

– Ботқа өте дәмді және денсаулыққа пайдалы. Асханада барлық тағамдар үйдегідей дайындалады.

Бүгінде өңірдегі 477 мектепте 70 мыңнан аса оқушы білім алады. Олардың барлығында жеткіншектерге ыстық тамақ қарастырылған. Биылғы оқу жылында аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін 9000 мыңға жуық балаға бұл түстіктер тегін берілмек.

Елена Балтина- Петропавл қалалық білім бөлімінің әдіскері:


– Көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар тегін тамақтану үшін өтініш бере алады. Ол үшін ата-аналар қажетті құжаттарды жинастыруы керек. Өтініштер 5 жұмыс күні ішінде қаралады.

Ал қала бойынша шамамен 2000 оқушы мектепте тегін тамақтана алады.

Альмира Жетписбай